Аймақтар деңгейінде "ашық бюджет" жүйесін енгізген дұрыс – Әшімбаев

18 Маусым 2020, 13:16
1254
Бөлісу:
Аймақтар деңгейінде "ашық бюджет" жүйесін енгізген дұрыс – Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Аймақтар деңгейінде "ашық бюджет" жүйесі мәселесін енгізген дұрыс. Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев жоғары палатаның отырысында айтты. 

Үкімет, Ұлттық банк және Есеп комитетінің есептерін зерделей келе, 2019 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлері орындалды деген қорытынды жасауға болады. Бүгінгі күні республикалық бюджет еліміздегі экономикалық белсенділікті қолдаудың негізгі тетігі болып отыр. Жалпы, Үкімет мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын айтарлықтай деңгейде қамтамасыз етті. Соның арқасында көзделген мақсаттардың негізгі көрсеткішіне қол жеткізілді. Есеп комиитетінің белсенді жұмысын атап өту керек, - деді Мәулен Әшімбаев.
Алайда Сенат спикері олқылықтардың да жоқ емес екенін айтты. 
Тиімсіз жұмсалған бюджет қаражатының көлемі 3 есеге артқан. Есеп комитеті өткен жылы өзге де заң бұзушылықтарға жол берілгенін атап өтті. Игерілмеген қаржы көлемі де айтарлықтай өскен. Бүгінде Ұлттық қорды үйлесімді басқару, әсіресе, оның табыстылығы мен сақталуын тиісті деңгейге жеткізу мәселесі өзекті болып отыр. Ұлттық қор қаражатын пайдалану жағдайлары артып, бюджет кірісінің 3/1 осы қордан жасақталғаны мәлім. Ұлттық қорды пайдалануды азайту үшін Үкімет бюджет кірісіне аса мән бере отырып, шығындардың тиімділігін қамтамасыз етуі қажет, - деді ол. 

Оның айтуынша, өңірлерге баса мән берген жөн. 
Әлі күнге дейін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің басты көзі болып отыр. Бұл бюджетаралық қатынас жергілікті биліктің өңір экономикасын дамытуға, кіріс базасын кеңейтуге деген ынтасын төмендетеді деп ойлаймыз. Өңірлерге бөлінетін қаражат кей жағдайда тиімсіз жұмсалады. Барлық деңгейдегі бюджет процесін жетілдіру дұрыс деп санаймыз. Осыған орай, аймақтар деңгейінде "ашық бюджет" мәселесін енгізу дұрыс деп санаймыз. Сол арқылы азаматтар қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын көріп, өз ұсынымдарын беруге мүмкіндік алады. Осы бағыттағы шараларды жандандыру керек, - деді ол.



Өзгелердің жаңалығы