Аймағамбетов оқытушылар жалақысының қалай артатынын айтты

21 Тамыз 2020, 17:07
2865
Бөлісу:
Аймағамбетов оқытушылар жалақысының қалай артатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындары оқытушыларының айлығы орташа алғанда 25 пайызға артады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтер мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің онлайн пленарлық отырысында айтты.

Министрдің айтуынша, биыл он жылда алғаш рет артқан грант құны жоғары оқу орны оқытушыларының жалақысын өсіруге мүмкіндік берді. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жыл сайын жоғарғы білім бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келе жатыр. Соңғы төрт жылда ол 1,3 есе өскен.

Президент тапсырмасымен биылдан бастап, грант құны көтеріледі. Бұл жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын орташа алғанда 25 пайызға арттыруға негіз болды. Жаңа оқу жылынан бастап жалақыны арттыруды бастаймыз, - деді министр. 

Сондай-ақ, ол жоғары оқу орындарында орын алатын өзге де өзгерістермен таныстырды. Оның айтуынша, бұл салады мемлекеттік сатып алу, қағазбастылықтан арылту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Ең маңызды мәселе – университеттерді оңтайландыру болып қала береді.

Бүгінде оларға академиялық еркіндік беру, оңтайландыру төрт деңгейге бөлінген. Олар  - халықаралық деңгейге сәйкестік, ұлттық, аймақтық статустарға жауап беру. Ал соңғы деңгейдегі өзге жоғары оқу орындарының сәйкестігі үнемі тексерілетін болады.


Өзгелердің жаңалығы