Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жалақы қайда кетеді? Бір айлық табысты дұрыс бөлудің қарапайым формуласы

Аида БАТУХАН
Бүгiн, 15:21
265
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ коллажы
VIDEO
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ай сайын жалақы түскенде жоспар құру оңай сияқты көрінеді. Бірақ ай ортасында-ақ ақшаның қайда кеткенін аңғармай да қаламыз. BAQ.KZ тілшісі елордалықтардың бір айлық табысты қайда, қалай жұмсайтынын зерттеп, мәселеде қандай кеңестерді пайдалану керектігін зерделеді.

2025 жылғы еңбек нарығы: сандар не дейді?

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025 жылдың III тоқсанында орташа айлық жалақы 429 368 теңгеге жеткен еді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 10 пайыздық өсімді көрсетті. Ал елдегі жұмыс күші саны 9,7 млн адамнан асады. Оның ішінде 7,1 миллионнан астамы – жалдамалы қызметкерлер. Яғни табысын ай сайын тұрақты жалақы арқылы алатын азаматтар басым деген сөз.

Депозит: қаржысын жинайтындар көп пе?

2025 жылдың қорытындысында елдегі банк депозиттерінің жалпы көлемі 44 трлн теңгеден асқан. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Сондай-ақ экономистер пікірінше, теңгедегі салымдардың үлесі артып, шетел валютасындағы депозиттердің үлесі азайып келеді.

Ал Отбасы банк 2025 жылы 1 млн жаңа депозит ашылғанын хабарлады. Бұл – халықтың ұзақмерзімді мақсаттарға бағытталып отырғанының белгісі.

Халық не дейді?

Біз Астана қаласының тұрғындарынан «бір айлық табысты жоспарлап жұмсайсыз ба?» деген тақырыпта сауалнама жүргіздік.

Сауалнама нәтижесінде, көпшілік табыстың басым бөлігі азық-түлік, коммуналдық төлемге кететінін айтты. Ал жинақ жасау туралы сұраққа келгенде, біразы тосылып қалды. Тек бірен-сараны ғана үйге, баласының оқуына жинайтынын жеткізді.

Бұл тұрғыда депутат Дәулет Мұқаев та азаматтар қаржысының көп бөлігі азық-түлікке кететінін ескеріп, бағаларын бақылау туралы мәселелерді көтеріп жүр.

Бірінші кезекте, бағаны қатаң бақылауға алу керек. Бұл қарапайым азық-түліктің өзінде де маңызды. Барлық өзгеріс халық игілігіне қарай жұмсалуы керек, - деді ол.

Сондай-ақ, оның пікірінше, егер қаражатты тиімді жұмсаса, мақсатқа жеткізуге болады.

Қандай кеңес ұсынамыз?

Қаржыгерлер бір айлық табысты басқару үшін жалақы түскен күні оны үш бөлікке бөлуді ұсынады.

  • Міндетті төлемдер: пәтерақы, коммуналдық қызмет, несие, балабақша, азық-түлік;
  • Керек-жарақтар: киім, жиһаз, демалыс, хобби;
  • Жинақ: депозит, инвестиция.

Сонымен қатар, кіріс-шығыс есебін жүргізіп отыруға кеңес береді.

Қатты қажеттілік тудырмайтын дәмханадан ас ішу, такси қызметтері, фастфудтардан өзіңізді шектесеңіз, ай соңында біршама қаржыны үнемдей аласыз.

Өзгелердің жаңалығы