Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?

7 Наурыз 2022, 12:24
6382
Бөлісу:
Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жылда 8 наурыз мейрамында әйелдерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалады. Көптеген ұжымда нәзікжандылардың құрметіне дастархан жайылып, концерттік бағдараламалар ұйымдастырылады. Әлемді тербеткен әйелдер жайлы жақсы сөздер айтылады. Мектептерде де ананы, қыз-келіншектерді құрметтеу жөнінде іс-шаралар өткізіледі. Дегенмен, соған қарамастан елімізде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық азамай тұр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (UNODC) мәліметінше, әлемде күн сайын 137 әйел жақындары мен туыстарының қолынан қаза табады екен. Ал, Қазақстанда жыл сайын 500-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

Аналарға пана болған орталық

8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында еліміздегі Дағдарыс орталықтарына хабарласып, оларға жүгінетін әйелдердің жай-күйі жайлы сұрап білген едік.

Алматыда жұмыс істеп жатқан дағдарыс орталықтарының бірі «Жан-Сая» мекемесі.  Ол 2017 жылы Алматы әкімдігінің шешімімен зорлық-зомбылық көрген әйелдерді уақытша паналатып, жәрдемдесу үшін ашылған. Аталған дағдарыс орталығының директоры Зүлфия Байсакова 2017 жылдан бері қиын жағдайда қалған 1,5 мың анаға жәрдемдескендерін айтады.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?

Орталықтың негізгі мақсаты – зорлық-зомбылықтың құрбаны болған  әйелдерді қауіпсіз жерде тегін тұруына жағдай жасау. Біз зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі заң аясында жұмыс істейміз және әлеуметтік қызмет көрсетудің стандарттарын ұстанамыз. Орталық ашылғалы бері 1,5 мың адам біздің орталықта тұрып, әлеуметтік қызмет түрлерін алды. Орталыққа әйелдермен қоса балалар да келеді, яғни аналарға қарағанда балалар үш есе көп. Кейбір әйелдер бір баласымен келсе, тағы бірі жеті баласымен келеді. Қиын жағдайда қалған әйелдердің бәрін қабылдауға тырысамыз, – дейді орталық директоры.

Жазаны қатаңдату керек

Отбасында зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, қайда барарын білмей тығырыққа тірелген әйелдермен күнде жұмыс істейтін Зүлфия Байсакова елімізде нәзік жандыларға күш көрсету мәселесі өзекті болып тұрғанын айтады. Оның азаймай, керісінше жыл өткен сайын өрши түсуіне зорлық-зомбылыққа қатысты жазаның жеңіл болуы себепші болып отыр дейді.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?

Құқықты ел болып саналғанымызбен, әйелге күш көрсеткен адамға «олай жасауға болмайды» деген ескерту ғана жасалады. Өзге өркениетті елдерде қылмыстық жауапкершілік бар, яғни оларды қоғамдық жұмысқа тартады, агрессияны төмендету жөніндегі курстарға қатыстырады. Ал, оған қатысудан бастартып, өзгергісі келмесе бас бостандығынан айырады. Бізде ондай жағдайға мемлекет гуманды қарайды. Сондықтан әйелдерден бөлек, мүгедек адамдар, қариялар мен балалар да зорлық-зомбылық құрбаны болып жатыр. Балалар зорлық-зомбылық құрбаны болып қана қоймай, ондай жағдайдың куәгері болуда. Анасын ұрып-соғып жатқанда баласы жанында тұрады, одан баланың психикасы бұзылады, жасқаншақ, ұяң бола түседі, –дейді Байсакова.

Агрессормен жұмыс

Сондай-ақ ол жазалау түрін өзгертумен қатар отбасынадағы қарым-қатынасты түзеуге көңіл бөлу қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, қазір адамдарда агрессия өте жоғары. Маман сол үшін агрессормен жұмыс істеуді ұсынады.

Қоғамдағы адамдарды өз агрессиясын басқара алтындай етіп тәрбиелеуіміз керек. Ондай адамдарды отбасымен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрететін курстарды ашу қажет. Одан бөлек «Бақытты отбасы» сияқты орталықтардың жұмысын дамыта түскен жөн. Бұл орталықтар қиын жағдайда қалған адамдарға кеңес беріп, тығырықтан шығуға қолұшын созады, – дейді ол.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?

«Жан-Сая» дағдарыс орталығы бір мезетте 50 адамға дейін қабылдай алады екен. Егер адам тым көбейіп кетсе диван, жиналмалы төсектерді қойып шамалары келгенше қабылдауға тырысады. Барар жері жоқ, қиналып тұрған адамға «орын босаған соң кел» деп айтуға ауыз бармайды дейді орталық директоры.

Осы сәтте орталықта 49 адам бар. Заң бойынша келуші орталықта алты айға дейін тұра алады. Бұл аралықта біз олардың құжатын реттеуге, алимент міндеттемесін алуына, ажырасу процесі бойынша құжаттарын толтыруға көмектесеміз. Содан кейін барып қана олар бізден кетеді. Келушілердің 30 пайыздайы өз отбасына оралады. Бірақ олардың 12 пайызы арада біраз уақыт өткен соң  орталыққа қайтып келеді. Өйткені агрессормен жұмыс істейтін ешқандай бағдарлама жоқ. Егер олармен жұмыс істелгенде отбасы сақталып, бәрі алаңсыз өмір сүрер еді, – дейді Зүлфия Байсакова.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?

Отбасын сақтау маңызды

Оның айтуынша отбасындағы зорлық-зомбылыққа әлеуметтік-экономикалық жағдайлар көп әсер етеді. Қазір жұмыссыздық жоғары. Одан бөлек ішімдік, нашақорлыққа тәуелділер де отбасының шырқын бұзып, ана мен балаға күш көрсетеді. Сондықтан да елімізде отбасылардың ажырасуы өте жоғары болып тұр.

Директордың айтуынша, дағдарыс орталығына келетін әйелдердің көпшілігінде құжат мәселесі бар, оған қоса білімнің жетіспеушілігінен қажетті әлеуметтік көмекті ала алмай отыр.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?

Орталыққа келетін әйелдердің ішінде Өзбекстан, Тәжікстаннан және еліміздің оңтүстігінен келгендердің көпшілігінде қолында құжаттары жоқ. Күйеулері құжаттарын жыртып тастағандықтан баласына туу куәлігін де ала алмай жүргендер бар. Сол себепті құжатсыз балалар мәселесі де өзекті болып тұр. Орталықта олардың құжатын қалпына келтіруге көмектесетін заңгерлеріміз бар. Одан бөлек әйелдерге психологтар көмек көрсетеді, өйткені ондай әйелдің өзіндік бағасы түсіп кетеді. Медбикелер ана мен баланың денсаулық жағдайын тексеріп отырады. Сонымен қатар әлеуметтік қызмет бойынша көмек көрсетеміз. Баланы мектепке орналастыру, әйелдерді тігін ісі, аспаздық бойынша оқытамыз, – дейді ол.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?


Орталыққа келген адамның екі аптадан соң көзқарасы өзгеріп, өмірге деген құлшынысы пайда болады екен.

Әсіресе балаларға обал. Орталыққа келген балалар арасында кішігірім концерт ұйымдастырып, оларға тақпақ, өлең үйретіп көңілдерін көтереміз. Көпшілігі ондайды бұрын көрмеген. Демеушілердің арқасында балаларды делфинари, саябақтарға апарып тұрамыз. Алдыда 8 наурыз халықаралық әйелдер күні келе жатыр. Осыған байланысты адамдар бір-бірін тыңдай білсе, түсінісе білсе дегім келеді. Отбасылық шиеленістің туындауына әйел де, еркек те себепші. Олар бір-бірін тыңдай білсе кикілжіңді тоқтата алады, – дейді Дағдарыс орталығының директоры.

«Ана үйі»

Елімізде қиын жағдайда қалған әйелдерге көмектесетін мекемелердің тағы бірі «Ана үйі» қоғамдық қоры. 2013 жылы ашылған қордың қазір 21 үйі әр өңірде жұмыс істеп тұр. Аталған қор елдімізде жетім балаларды болдырмау мақсатында ашылған. Оң-солын танып білмеген жас қыздар жүкті болып қалып жататыны жасырын емес. Кеше ғана сүйдім-күйдім  деген жігіті бір сәтте теріс айналса, жанындағы ата-анасы «некесіз баланы алдыртып таста» деп үйінен қуатын жағдайлар да кездеседі екен. «Ана үйі» осындай айналасынан қолдау көрмей, қиын-қыстау жағдайда қалған жас аналарды паналатып, олардың ары қарай аяқтан тұрып кетуі үшін жағдай жасайды.

«Ана Үйі» қоғамдық қорының маманы әрі жоба басшысы Сания Әренова дағдарыс орталығы ашылғалы көптеген болашақ аналарға қолдау көрсетіп, олардың өздігінен күн көріп кетуіне қолқабыс еткендерін айтады.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?

Бізге келетін әйелдердің бәрі айналасынан қолдау таппаған, үйінен қашып кеткендер. Өмір тәлкегіне түскен аналар бізге келген соң өзгереді. Өздеріне келіп, балаларына көңіл бөле бастайды әрі болашағына сеніммен қарайтын болады. Бірде бізге жүктіліктің 7-ші айында жүрген жас қыз келді. Оны жігіті тастап кеткен, ал үйіне барайын десе қабылдамай қояма деп қорқады. Ол біздің орталықта жүріп ұлды болды, босқа жүрмей тігін ісі бойынша курсты оқып шықты. Қазір баласы 5 жаста, өзі тұрмысқа шықты. Кәсібі де сәтті жүріп тұр, өзі де бақытқа қол жеткізді. Мұндай оқиғалар көптеп кездеседі, – деп түсіндірді С. Әренова.

Оның айтуынша, жігіттердің жауапсыздығы мен ерік-жігерінің төмендігінен әйелдер қиындық көріп, жапа шегетін көрінеді. Ондайды болдырмас үшін қыз-жігіттерді жастайынан жауапкершілікке тәрбиелеу қажеттігін айтады.

Орталыққа келетіндердің бәрінде бір ғана мәселе бар. Жігіті немесе күйеуі баланы қабылдамаған. Сондықтан ер адамдардың бойына жауапкершілікті жастайынан сіңірген дұрыс, – дейді ол.

Орталықтың мамандары жас ананың отбасымен байланысқа шығып, қыздарын үйіне қабылдау үшін келіссөздер жүргізеді екен. Бастапқыда «туған-туыстан ұятты болдық» деп қабылдамаған ата-анасы уақыт өте келе қыздарын кешіреді. Орталыққа келгендердің 60-70 пайызы отбасына оралады екен.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?

Кейбір жас аналар сәбиін босанған соң ата-анасына баруға қорыққандықтан оны балалар үйіне тастап кетеді. Ондайлардың кейбірі бізге байланысқа шығып, көмек сұрайды. Мамандар ондай әйелдермен де кеңес жүргізіп, психологтар жұмыс істейді. Уақыт өте келе олар да баласын қайта алып жатады. Ондай аналарды жұмысқа, ал баланы балабақшаға орналастыру бойынша да жұмыстар жүргіземіз, – дейді Әренова.

Заңгер пікірі

Әйелдер мен жасөспірімдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі заңгер әрі «Кеш» құқық қорғау орталығының директоры Камшат Есмұхамбетқызы әйелдерге күш көрсететіндерге қатысты жазаны қатаңдату қажет деп санайды.

Күйеуінен қысым, қорлық көрген әйелдер бізге әкімшілік кодекстің 73 бабы бойынша жүгінеді. Алайда, 73 бапта ескерту ғана көзделген. Бір рет ескертумен ғана құтылған еркек екінші рет тағы қысым жасайды. Қазір көптеген әйелдер күйеуіне қатысты «неге қатаң жаза қолданбайды, неге олар ескертумен құтылады, неге мен соққының астында қалуым керек» деп шағымданып жатыр.  Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың көбейіп кетуінің тағы бір себебі күш көрсететін еркектерді оңалтып, бейімдейтін орталықтардың жоқтығы. Ол жерде медициналық-психологтар жұмыс істеу керек, – дейді заңгер.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету неге азаймай тұр?

Сонымен қатар ол отбасында ұрыс-керіс тек қызғаныштан емес, әлеуметтік мәселелерден де орын алатынын жеткізді.

Күш қолданатын ерлерге қатысты жазаны қатаңдатумен қоса отбасылық құндылықтарды сақтап қалу мақсатында да жұмыс істеу қажет. Бұл жағдайда заңгерлердің құзіреті шектеулі. Олар тек кеңес бере алады, ары қарай оларды оңалтуға атсалыса алмайды. Бұл жерде полиция да жұмыс істеу керек. Жергілікті учаскелік полициялар мұндай қиын отбасын бақылауда ұстау қажет. Негізі әйелге қол көтерген кезде оған ешқандай ескерту берместен 10 тәулікке қамаған дұрыс. Қанша жерден отбасылық жағдай деп қарағанымен, әйел кешірім бермесе оны мәжбүрлемеу керек. Учаскелік полициялар өз міндетін дұрыс атқармайды, айналып келіп жәбір көрген әйелден «кешірім бер, ер адамды сыйламайсың ба» деп олардан арызын алуға  үгіттейді. Бұл дұрыс емес, – дейді К. Есмұхамбетқызы.

Заңгердің айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін көмек сұрайтын әйелдер саны күрт көбейген. Айналдырған 1-2 айдың айналасында күйеуінен қысым көрген  60-70 әйел көмек сұрап келген екен.

Мамандарды тыңдап, бір түсінгеніміз зорлық-зомбылықты жою үшін кешенді жұмыстар атқару қажет. Мәселе тереңде жатыр, халықтың әл-аухатын арттыру, бейімдеу, оңалту орталықтарын ашумен қатар балаларды жастайынан жауапкершілікке тәрбиелеу де маңызды.
 

Өзгелердің жаңалығы