Әйелдердің құқығы қалай қорғалады: Аймағамбетов зорлық-зомбылықпен күрес жайлы айтты

5 Сәуір 2024, 10:39
302
Бөлісу:
Әйелдердің құқығы қалай қорғалады: Аймағамбетов зорлық-зомбылықпен күрес жайлы айтты
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша өтіп жатқан сот процесі ешкімді бей-жай қалдырмағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандықтар соңғы күндері сот залынан жаңалықтарды бақылап отыр. Менің ойымша, бұл жан түршігерлік оқиға ешкімді бей-жай қалдырмады. Резонанс тудырған сот процесінің аясында Мәжіліс депутаттары бастамашылық етіп, қабылдаған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғау жөніндегі заңның өзектілігі мен маңызы арта түсті, - деді депутат.

Аймағамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жауапкершілікті қатаңдату міндеті қойылғанын еске салды.

Сонымен қатар 2023 жылғы наурызда өткен сайлаудан кейін Мәжіліс депутаттары өздерінің алғашқы заң жобаларының бірі ретінде дәл осы заңға бастамашы болды. Яғни бұл заң 2023 жылғы қарашада болған қайғылы оқиғаларға дейін әзірленді. Заң біздің қоғамдағы зорлық-зомбылықтың кез келген түріне, ең алдымен әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа тиімді тосқауыл қоятын жаңа құқықтық нормаларды енгізеді, - деп айтып, Асхат Аймағамбетов заңның нормаларына тоқталды.

Заңда қандай нормалар бар:

  • - ұрып-соғу немесе отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында өзге де зорлық-зомбылық әрекеттер жасағаны, денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді;
  • - жәбірленушінің мәлімдемесін күтпей-ақ, БАҚ-тағы немесе онлайн платформалардағы хабарламалар негізінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі немесе фактілері кезінде жеке профилактика іс-шараларын қолдану құқығын беруді;
  • - соттың, қазіргі уақытта жиі кездесетіндей, баспанадан балалар мен жәбірленушіні емес, агрессорды шығару құқығын;
  • - өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін, өзін-өзі өлтіруге итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу. «Көк кит» жайлы әңгімелер немесе басқа мысалдар менің ойымша, әлі де ұмытыла қойған жоқ.
  • - педофилия және сәбилерді өлтіру үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды;
  • - 16 жасқа толмаған адамдарды жыныстық қудалау үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді.
  • - балаларға да, ересектерге де арналған барлық жабық интернаттық мекемелерге (балалар үйі, МСУ, қарттар үйі және т.б.) жоспардан тыс тексерулер жүргізу нормасын енгізуді көздейді.

Көріп отырғандарыңыздай, зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік бірнеше есе артады.

Президенттің «Заң және тәртіп» қағидаты біздің қоғамымыздың өзіндік идеологиялық нұсқаулығына айналуға тиіс. Сенатор әріптестер жақын арада бұл заңды мақұлдайды деп сенемін, - деді мәжілісмен.

Өзгелердің жаңалығы