Әйелдер құқы мен бала қауіпсіздігі. Заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді – Әшімбаев

11 Сәуір 2024, 17:49
294
Бөлісу:
Әйелдер құқы мен бала қауіпсіздігі. Заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді – Әшімбаев
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді. Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев Палата отырысында заңды талқылау барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжат ережелері ең алдымен қорғау және қауіпсіздік мақсатын көздейді. Басқаша түсіндіріп, сан-саққа жүгірту мүлде дұрыс емес.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл заңдар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында әзірленген. Ондағы нормалар әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алуды және жолын кесуді көздейді. Сенат спикері осыған байланысты әріптестерін заңдардың негізгі мақсаттарын дұрыс түсіндіруге және енгізілген ережелердің маңызын жұртшылыққа жеткізуге шақырды.

Қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамада, неке және отбасы туралы заңда ата-аналар қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда ата-ана құқығынан айырылатын нормалар бар. Алайда, ол нормалар жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкелмегені белгілі. Тарихымызда ондай жағдай болған жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы заңға қол қойып, күшіне енген жағдайда құжат жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкеледі дегенге сенудің ешқандай негізі жоқ. Бұл менің жеке пікірім. Бұл қате және теріс түсіну. Заңда мұндай нормалар жоқ. Сол себепті осы заң ата-аналарды ата-ана құқығынан айыруға арналмағанын нақты әрі анық түсіндіріп, жеткізуіміз керек. Ол әйелдерді қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады, – деді Сенат Спикері қаралып отырған заң туралы.

Айта кетейік, бүгін сенаторлар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы