Психолог маман отбасындағы берекені сақтауда әйел адамның рөлі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отбасының ұйытқысы – ана дейміз. Күнделікті тіршілік пен бала тәрбиесін қатар алып отырған қаншама қазақ анасы бар. Кезінде құрсағында 10-ға жуық баланы көтеріп, бүгінде әже деген салиқалы атты иемденіп отырған қанша жан бар. Отбасындағы берекені, тыныштықты сақтап, бақытты ғұмыр кешу үшін қайтпек керек? Осы тұрғыда 23 жылдық тәжірибесі бар психолог Ләззат Нұрпейісовамен сұқбат жүргіздік.
- Ләззат ханым, отбасында әйел адамның орны қандай болу керек, біреулер әйелге айлакер болу керек деп жатады. Сіз не дейсіз?
- Айлакер емес, қулық болу керек деп айтар едім. Әйел үйде бірінші емес екендігін біліп, иерархияны сақтаса отбасы берік болады. Үнемі күйеуін қолдап, оның жетістігіне, табысты болуына жағдай жасағанда ғана әйел екінші орында болады. Көбінесе мұндай әйелдерге ақылдылық пен даналықты қатар алып жүру керек. Ал керек кезде қулықты қосып, отбасының берекесі үшін әрекет етсе, оның әбестігі жоқ деп ойлаймын.
- Сонда бақытты отбасы болу үшін белгілі бір қағидаттарды сақтау маңызды ма?
- Әрине, бақытты отбасын құратын – ер мен әйел. Екеуіне де жауапкершілік бірдей жүктеледі. Отбасында әйел ер азаматына қандай құрмет көрсетсе, оны көрген бала да әкені сыйлап, ананы құрметтейтін болады. Ер азамат өз отбасы үшін жауапты. Сондықтан әрбір үйдің отағасы кез келген шешімді ақылмен қабылдау керек. Ал әйел сол үйдің тыныштығына, тазалығына, берекесіне жауапты. Үйдегі әрбір адамның өзінің міндеті болса ғана, сол отбасының бақытты отбасы мәртебесін алуы хақ.
- Қазір әйелдердің психологиясы әлсіз дейді. Оған соңғы уақыттағы болып жатқан жантүршігерлік оқиғалар дәлел. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
- Олардың осындай қадамға баруына жастайынан көрген қиыншылықтары себеп пе деп ойлаймын. Көбіне отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, психологиялық травма алуы оның психикасына әсер етіп, өзін-өзі бағалай алмайтын хәлге жетеді. Ал басына кішкене қиыншылық түскенде өзін-өзі тастап жіберуге бейім келеді.
- Көбіне әйел осындай күйзеліске бала босанғаннан соң түсіп жатады деген пікір де бар...
- Мұндай жағдайда әйел адамның қалай тұрмысқа шыққанын ескеру қажет. Оның ата-анасымен, күйеуімен қарым-қатынасының қалай болғаны да маңызды. Босанғаннан соң біршама әйел күйзеліске ұшырап жататыны рас. Ондай уақытта ең бірінші жолдасы көбірек қолдау көрсету керек. Екіншіден, ұялмай, қысылмай психолог мамандарға жүгіну керек.
- Жалпы әйел туғаннан қандай психологиялық қиындықтарды бастан өткеруі мүмкін?
- Қыз баланың егер отбасында ата-анасы тату тұратын болса, оның психологиясында ешқандай мәселе болмайды деп айтуға болады. Егер ата-анасы ажырасып кеткен немесе күнде жанжалдасатын отбасының қатарынан болса, ондай отбасында тәрбие алған қыз жігіттен жылулық іздеп, бірінші кезіккен жігітке тұрмысқа шығуға асық болады. Қызды еркінен тыс алып қашатын жағдайларда көп отбасы ұят деп танымайтын, білмейтін отбасында қалдырады. Сонда қыз да өз өмірін тәуекелге тігіп кетеді. Ол оған психологиялық соққы болары сөзсіз.
- Осындай күйзелісте жүрген әйелдерге қандай кеңес бересіз?
- Ең бірінші – өзін тыңдау, бағалау, сезіну. Көп әйел өзін соңғы орынға қояды. Жоқ, сіз бірінші орында болу керексіз. Өзіңізді жақсы көріңіз, сонда басқаларды да жақсы көргізе аласыз. Күйзеліске ұшырағанда "Бос орындық" техникасын қолданып көруді ұсынамын.