Оңтүстік Кореяда әйел адам әріптесінің шалбарын түсіргені үшін айыппұл төлейтін болды. Біреудің шалбарын шешіп жіберу – бұл жиі кездесетін әзіл, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Оңтүстік Кореяда 50 жастағы әйел адамдардың көз алдында әріптесінің шалбарын және іш киімін түсіріп жібергені үшін 2,8 миллион вон (980 000 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, оған жыныстық қысымның алдын алу бойынша 8 сағаттық курс өту жүктелді.
Оқиға былтыр қазанда Канвондо провинциясындағы мейрамхана асүйінде болған. Әйел бұл әрекетін жай әзіл ретінде жасағанын айтқанымен, сот оны жыныстық қысым көрсету ретінде бағалады. Жәбірленуші – 20 жастағы жігіт.
Сот әйелдің бұрын сотты болмағанын және шын өкінгенін ескеріп, жеңіл жаза тағайындады. Ол тіпті жәбірленуші мен оның ата-анасының алдында тізерлеп кешірім сұраған.
Айта кетейік, басқа біреудің шалбарын түсіру (ағылшынша – pantsing) Оңтүстік Кореяда әзіл ретінде танымал болғанымен, бұл әрекет бірнеше жағдайда даулы мәселелерге себеп болған. Мысалы, 2019 жылы Олимпиада чемпионы Лим Хё-Джун осындай әрекеті үшін бір жылға спорттан шеттетілген. Ал 2021 жылы бастауыш мектеп оқушылары кіші балаға дәл осындай "әзіл" жасағаннан кейін полиция іс қозғаған.