Маңғыстаудағыдай қайғылы оқиғалар қоғамның әскерге деген сеніміне кері әсер етіп жатыр. Құрылтай депутаты Айдос Сарым мұндай жағдайлардан сабақ алып, әскери жүйедегі кемшіліктерді түзету қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат SarapSoz жобасына берген сұхбатында жекелеген командирлердің қателігі тұтас армияның беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.
Өкінішке қарай, Маңғыстаудағы сынды қайғылы оқиғалар, ұмытылмас трагедиялар армия деген ауқымды институтқа деген көзқарасты нашарлатып жатыр. Біз белгілі бір командирлердің қателіктері мен тигізген кесірінен ұлттық дәрежедегі армияның қадірін қашырып жатырмыз. Мен де әлеуметтік желідегі көптеген жазбаны көзім шолды. Оның ішінде «өлсем де баламды әскерге бермеймін», «армия жойылсын» деген сынды әңгімелер кетіп қалған. Бұл – жақсылықтың нышаны емес, – деді Айдос Сарым.
Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде, соның ішінде дамыған мемлекеттердің әскерінде де жазатайым жағдайлар кездеседі. Алайда мұндай оқиғалардан кейін мәселенің себептерін анықтап, тиісті қорытынды шығару маңызды.
Ең мықты, дамыған дейтін мемлекеттердің әскерінде мұндай жазатайым жағдайлар болып тұрады, өкінішке қарай. Бұл да жақсылық емес, – деді депутат.
Айдос Сарым елдің болашағын ойлаған мемлекет қайғылы оқиғадан кейін әскерді тұтастай жоққа шығаруға емес, кемшіліктерден сабақ алуға ұмтылуы керек деп есептейді.
Ол қауіптің қашан және қайдан төнетінін алдын ала білу қиын екенін айтып, қорғаныс мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Қауіп аяқ астынан. Мұны түсінуіміз керек. Ол сырттан келе ме, іштен шыға ма, біз білмейміз, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, алдағы әскери реформа осы мәселелерді реттеуге, қоғамның алаңдаушылығын ескеріп, әскерге деген сенімді нығайтуға бағытталуы қажет.