Айдос Садуақасов жаңа қызметке тағайындалды

2 Наурыз 2023, 17:27
2086
Бөлісу:
Айдос Садуақасов жаңа қызметке тағайындалды
Фото: zakon.kz

Айдос Садуақасов Қазақстан Сот әкімшілігі Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жақында Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігінде Мемлекеттік тілді дамыту бөлімі құрылды. Мақсаты түсінікті. Сот жүйесіндегі қазақ тілін кеңінен қолдану шараларын қабылдау. 

Сот әкімшілігі басшысының 2023 жылғы 27 ақпандағы өкімімен аталған бөлімге Садуақасов Айдос Қартаңбайұлы басшы болып тағайындалды. 

 Айдос Садуақасов – білікті журналист, саяси ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. 2010 жылы «Түркітілдес мемлекеттердің латын графикасына көшудегі саяси-лингвистикалық ұстанымдары: генезисі және эволюциясы» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғады. 

Соңғы 9 жылда ол Жоғарғы Сот Аппаратында Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі басшысының орынбасары, Баспасөз қызметінің басшысы, жоғары сот органының ресми өкілі ретінде үздіксіз қызмет атқарды. 

Айдос Садуақасовтың жетекшілік етуімен Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі соттардың қызметін жариялауға, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға зор үлес қосты. Соттар халыққа заң нормалары мен резонансты істер бойынша сот актілерін түсіндірді. 

Республика соттары пандемия жағдайында онлайн сот процестеріне тараптардың қатысу тетіктері мен цифрлық сервистер жұмысын халыққа түсіндіру бойынша ақпараттық шараларды қабылдады. 

 Жоғарғы Соттың басшылығымен 9 жыл ішінде Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметі:

- БАҚ-пен өзара іс-қимылға жауапты үйлестіруші-судьялар институтын сәтті енгізді; 

- соттардың баспасөз қызметі құрылып, баспасөз хатшыларының мәртебесі артты;

- БАҚ материалдарына мониторинг жүргізу және соттардың атына айтылған сын ескертпелерге ден қою шараларын қабылдау алгоритмі әзірленді;  

- журналистер, баспасөз хатшылары мен БАҚ-пен өзара іс-қимылды үйлестіретін судьялар оқыту курстарынан өтті;

 - сот төрелігінің өзекті мәселелерін талқылау бойынша адвокатура, заңгерлер қауымдастығы өкілдері мен журналистердің қатысуымен диалогтық алаңдар құрылды. 

 Бүгінде соттар масс-медиа, PR мен SMM саласындағы жұмыстың жаңа форматтарын кеңінен қолдануда. 

2022 жылдың қорытындысы бойынша Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі орталық мемлекеттік органдардың коммуникациялық қызметтері арасында ең ашық баспасөз қызметі деп танылды. Бағалау ашықтық, креативтілік, жеделдік пен бастамашылық өлшемшарттары бойынша жүргізілген. 

Садуақасов Айдос Қартаңбайұлы 1983 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 

2004 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік белгімен тәмамдаған. Журналистика магистрі. Саясаттанушы, саяси ғылымдарының кандидаты. 

2010 жылы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасында «Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар» мамандығын меңгерді.  

2012 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша қосымша білім алды. 

2016 жылы КазГЮУ университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.   

Еңбек жолын «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси газетінде журналист болып бастады.

 2005-2006 жж. – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің жетекші маманы.

2006-2011 жж. – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті Терминология және ономастика бөлімінің жетекші сарапшысы, Нормативтік-лингвистикалық жұмыстар басқармасының бас сарапшысы. 

2011-2013 жж. – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар кафедрасының доценті.

2013-2014 жж. – ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері. 

2014-2019 жж. – ҚР Жоғарғы Соты Аппаратының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі басшысының орынбасары.

2019-2023 жж. – ҚР Жоғарғы Соты Баспасөз қызметінің басшысы – ресми өкілі. 

2023 жылдың 27 ақпанынан бастап ҚР Сот әкімшілігі Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басшысы.

Жоғарғы Соттың, Судьялар одағының, Сот әкімшілігінің «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Қазақстанның сот жүйесіне 30 жыл» медалдарымен, «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. 

Өзгелердің жаңалығы