Ayala қайырымдылық қорына 15 жыл

29 Наурыз 2022, 19:51
2536
Бөлісу:
Ayala қайырымдылық қорына 15 жыл

Алматы, BAQ.KZ. AYALA Қайырымдылық қоры 15 жыл ішінде нәрестелер мен балалар өлімін азайту, жасөспірімдерді кәсіби бағдарлау және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға көмек көрсету жобаларына 5 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсаған.

2007 жылдан бастап AYALA қоры қайырымдылықтың осы үш бағытта  дәйекті және жүйелі жұмыс істеп келеді. Қор жұмысының басты тәсілі - тиімді қайырымдылық. Демеушілердің қаражаты мен қазақстандықтардың қайырымдылық жарналары бір жолғы көмекке емес, жылдар бойы жұмыс істейтін жобаларға жұмсалады. Оның нәтижесі - біздің елден тыс жерлерде емес, Қазақстанда құтқарылған жүздеген мың бала өмірі. Еліміздің балалар үйлері мен мектеп-интернаттарында кәсіби бағдарлау дағдыларының негізін алған жүздеген жоғары сынып оқушылары бар. Ерекше мүмкіндіктері бар мыңдаған балалар қор орнатқан жабдықтармен түзету арқылы дамиды.

Тек 2021 жылы қор ірі демеушілерден және қазақстандықтардың қайырымдылық жарнасы түрінде 480 млн теңгеден астам қаражат тартты, оның 216 млн теңгесі Қазақстанның 12 перинаталдық орталығында 80 жаңа медициналық техника сатып алуға және орнатуға бағытталды. Алдағы 5 жылда бұл мыңдаған нәрестенің өмірі мен ақыл-парасатын сақтап қалуға көмектеседі.

«Біздің жұмысымыздың басында біз біржолғы қаржы жинау - біздің жолымыз емес деп шештік. Дәрігер ретінде түсінгенім, тек жүйелі тәсіл ғана ауқымды нәтижелерге алып келуі мүмкін. Сондықтан біздің қор 15 жыл бойы балалар реанимациясына арналған жабдықтармен жұмыс істейді және балалар дәрігерлерінің - неонатологтардың, ортопедтердің, кардиохирургтардың, реаниматологтардың біліктілігін арттырумен айналысады. Жыл сайын еліміз бойынша перинаталдық орталықтардың реанимациясы арқылы мыңдаған бала өтеді. Медициналық жабдық бірнеше жыл жұмыс істейді, оған қоса қор дәрігерлердің жаңа туған нәрестелерді күтіп-бағу бойынша білімі мен дағдыларын үнемі жаңартып отырады. Нәтиже әрбір ата-анаға түсінікті: Қазақстанда құтқарылған балаларымызды барлық демеушілер мен серіктестеріміздің қолдауымен құшақтау мүмкіндігі, - дейді AYALA қорының президенті Айдан Сүлейменова.

15 жыл ішінде 2,2 млрд теңгеден астам қаражат қазақстандық денсаулық сақтау мекемелерінде балаларды құтқару және күтіп-бағу жұмыстарын жетілдіруге бағытталды. Қордың балалар өлім-жітімі көрсеткішін төмендетуге қосқан үлесін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі атап өтті, ол «Тыныс ал, балақай» және «Басқарылатын гипотермия» жобалары бойынша ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойды, 2021 жылдың ақпанынан бастап 100-ден астам дәрігерді оқытқан неонатолог дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша тегін онлайн-платформаны іске қосу идеясын қолдады.
Қордың алдағы жылдарға арналған жоспарында балалар мүгедектігін қысқарту бойынша белсенді жұмыс бар.

«Өкінішке орай, Қазақстанда мүгедек балалар саны қарқынды өсуде. Соңғы 5 жылда бұл сан екі есеге артып, 100 мыңнан асып кетті немесе шағын қала халқының санына жетті. Баланың өмірін сақтап қалу өте маңызды, бірақ одан да маңыздысы оны функционалды түрде сау қалдыру. Сондықтан бірнеше жылдан бері біз балалар реанимациясын балалардың мүгедектігін азайтуға көмектесетін құрал-жабдықтармен және емдеу технологияларымен қамтамасыз етудеміз. Осылайша елімізде автоматты гипотермия аппараттары пайда болды. 2017 жылдан бастап олар қор оқытқан дәрігерлердің қолымен 200-ден астам баланың өмірі мен ақыл-парасатын сақтап қалды. Өткен жылдан бастап біз ретинопатиямен шала туған нәрестелердің көру қабілетін сақтау жұмыстарына белсене қосылдық. Денсаулық сақтау министрлігімен бірқатар кездесулер өткізіп, осы ауруды Дәрі-дәрмекпен емдеу жөніндегі хаттаманы іске асыруға қосылдық. Көздің торын коагуляциялауға арналған 4 лазерлік қондырғы мен екі офтальмоскоп сатып алдық. Офтальмолог дәрігерлер үшін тегін бейне курстар түсіруді жоспарлап отырмыз. 6 ретиналды камера мен 11 офтальмоскоп сатып алу үшін демеушілермен белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осының барлығы келешек 3 жылда ретинопатиясы бар жаңа туған нәрестелерде көру қабілеті бойынша мүгедектіктің айтарлықтай төмендеуіне әкелуі тиіс,-дейді Сүлейменова.

AYALA БҚ өз жобаларына демеушілерден жиналған қаражаттың 100%-ын және құрылтайшылардың қаражаты есебінен әкімшілік шығыстарды қамтамасыз ете отырып, жеке қайырымдылық жарналары арқылы жібереді. Ашықтық пен толық есептілік - қордың тағы бір мықты жағы. Ayala.kz сайтында 2007 жылдан бастап барлық қаржылық есептер және 2016 жылдан бастап KPMG тексерген барлық аудиторлық есептер бар. Бұл қорға 15 жыл бойы елімізде тиімді қайырымдылықтың жоғары стандарттарын орнатуға және қолдауға мүмкіндік береді.

Қайырымдылықтағы жұмыс тек жан-тәнімен берілуді және қайтарымды ғана талап етпейді. Жыл сайын біз қордың басты мақсаттарын анықтау үшін стратегиялық сессия өткіземіз, содан кейін әрбір қызметкердің апта сайынғы есебін тыңдап, жылдық келісілген жоспар бойынша жүреміз. Біз жаңа идеяларға ашықпыз, сүйсініп оқимыз, коммуникацияда, жобаларды басқаруда, тіпті сатуда да өз дағдыларымызды жетілдіреміз. Өйткені қор - біз қазір және болашақта еліміздің үздік ҮЕҰ қатарында көріп отырған кәсіби ұйым, - деп атап өтті Айдан Сүлейменова.
 

Өзгелердің жаңалығы