Аягөздің жылу қазандығы мемлекет меншігіне қайтарылады

24 Ақпан 2019, 19:50
1944
Бөлісу:
Аягөздің жылу қазандығы мемлекет меншігіне қайтарылады

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Аягөз қаласының орталық жылу қазандығы мемлекет меншігіне  қайтарылады. Бұл туралы тұрғындар алдында есеп берген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.

Есеп беру кездесуі барысында Аягөз қаласының тұрғыны өңір басшысынан орталық жылу қазандығының мәселесін шешіп беруді сұраған болатын.

«Аягөздегі бұл қазандықтың жай-жапсарын жақсы білемін. Дүйсенбі күні Аягөзге өзім барамын. Қазіргі уақытта бұл қазандықты уақытша басқаруға алдық. Бұған дейін жекеменшіктегі қазандық болған еді. Амал нешік, жөндеу жүмыстары жүргізілмеді. Осы себепті оны уақытша басқаруға алуға тура келді. Енді оны мемлекет меншігіне сатып алмақпыз. Сатып алмас бұрын нысанға тәуелсіз бағалау жүргізуіміз керек», - деді облыс әкімі.

Мәселенің барлық жағынан заңды негізде шешілуі керектігін алға тартқан өңір басшысы, жөндеу жұмыстарының кейінге қалдырылмай қазірден бастала беретінін тілге тиек етті.

«Жөндеу жұмыстарына қанша қаражат кететінін де білемін. Оған қаржыны дайындап қойдық. Былтыр Аягөзде бес рет болдым, осымен алтыншы рет бармақшымын. Дүйсенбі күні барып, барлығын өз көзіммен көремін. Межелі қаржыны бөліп, жөндеу жұмыстарын бастайтын боламыз. Сондықтан бұл мәселе сөзсіз шешілетін болады», - деп қосты Даниал Ахметов.

Естеріңізге салсақ, қаңтар айының басында апаттық жағдайда жұмысын тоқтатқан қазандыққа Өскемен және Семей қалаларынан мамандар жіберіліп, жағдай қалпына келтірілген еді. 1975 жылы салынған орталық жылу қазандығы 1998 жылы жекеменшікке өткен болатын. Жекеменшікте болған 20 жыл ішінде нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілмей, құрылғыларының әбден тозығы жеткен.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Өзгелердің жаңалығы