Ай соңына дейін өңірлер көмірмен толық қамтылады – ИИДМ

11 Қараша 2021, 21:13
886
Бөлісу:
Ай соңына дейін өңірлер көмірмен толық қамтылады – ИИДМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде әкімдіктердің, көмір өндіруші компаниялары өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте халықты көмірмен қамтамасыз ету жағдайы қаралды.

ҚР ИИДМ-нің жедел деректері бойынша 2021 жылғы қаңтар-қазан айларында 88 млн тоннаға жуық көмір (көмір концентратын қоспағанда) өндірілді. Бұл өткен жылғы деңгейден (100,2%) жоғары.

Көмірді елдің ішкі нарығына жөнелту көлемі де жоспарлы көрсеткіштерден асып түседі. 2021 жылғы 9 қарашадағы жағдай бойынша жылыту маусымының жалпы жоспарына (2021 жылғы 1 мамырдан бастап 2022 жылғы сәуірге дейін) қатысты өңірлердің көмір қорымен қамтамасыз етілуі: коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер - 97,1%; тұрғындар - 92,6% (жергілікті атқарушы органдардың деректері) құрады.

Энергия өндіруші кәсіпорындарға шамамен 48 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5 млн тонна, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 7,6 млн тоннадан астам көмір тиелді. "Қазақстан темір жолы" ҰҚ» АҚ өңірлерге көмір жеткізу жоспары басым негізде орындалатынын және өмір разрездерінен түсетін өтінімдер ұлғайса, қажетті ашық вагондармен қамтамасыз етуге өзінің дайын екенін растады, - делінген ақпаратта.

Кеңес барысында Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары үшін көмірді жөнелту жоспары пысықталды. Осы өңірлердің әкімдіктері тұрғындардың көмірге қажеттілігін қамтамасыз етуді уақтылы бақылайды.  

ҚР ИИДМ бастамасымен және өндірушінің қолдауымен қараша айында өңірлерге көмір жеткізу көлемі 487 мың тоннаға ұлғайтылады.  Халық арасында үлкен сұранысқа ие Шұбаркөл көмірінің 240 вагоны өңірлерге күн сайын қосымша жөнелтіледі.   

Кеңес барысында сондай-ақ, процестің әрбір қатысушысы өз құзыреті шеңберінде жылу беру маусымына дайындық іс-шараларын нақты пысықтауы тиіс екендігі атап өтілді.

Көмір кәсіпорындары көмірдің қажетті көлемін өндіруге, теміржолшылар жөнелтушілердің өтінімдерін жылжымалы құраммен уақытылы қамтамасыз етуге және көмірді жеткізуге жауап береді. Жергілікті атқарушы органдар тұтыну көлемін нақты жоспарлауға, көмір сатып алуды уақытында жүргізуге, сондай-ақ оның өңірдегі және барлық қорын бақылауы тиіс. 

Баға мониторингін жүргізу және қатты отын құнын көтеру жағдайларын анықтау - құзыретті уәкілетті органдардың міндеті.  

Көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Қаражыра" АҚ, "Шұбаркөл Көмір" АҚ және "Богатырь Көмір" ЖШС көмір өндіруші компаниялардың мүдделерін білдіретін тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығымен меморандум жасасты. Осындай құжатқа өңірлердің әкімдіктері әлеуметтік көмірді жеткізушілермен қол қойды. 

Ресми статистика деректері бойынша разрезден көмірді жіберу бағасы Қарағанды облысында бір тоннасы 7093 теңге, Павлодар облысында – 3375 теңге, жалпы ел бойынша – 5600 теңге. Осы орайда соңғы тұтынушы үшін бағаның өсуіне бөлшек сауда айтарлықтай әсер ететінін айта кету керек.  

Өзгелердің жаңалығы