- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ақтөбелік мұғалім мектеп басшылығынан бес жыл бойы қысым көргенін мәлімдеді
Ақтөбелік мұғалім мектеп басшылығынан бес жыл бойы қысым көргенін мәлімдеді
Мұғалім президентке дейін шағымданған.
Бүгiн 2026, 11:41
Ақтөбе қаласындағы "Ә.Марғұлан атындағы №71 жалпы білім беретін орта мектеп" КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Әділова бірнеше жылдан бері мектеп басшылығы тарапынан қысым көріп келе жатқанын мәлімдеді.
"Психологиялық моральдық қысымға душар болдым"
Оның айтуынша, соңғы бес жыл ішінде мектеп директоры Ұлқабай Оразбай Жәдігерұлы тарапынан психологиялық қысым көрсетіліп, педагог ретіндегі беделі мен ар-намысына тиетін сөздер айтылған.
Бес жылдың соңғы жылдарында мектеп басшысы Ұлқабай Оразбай Жәдігерұлы тарапынан психологиялық моральдық қысымға, құжат жүзіндегі оқудағы педагог беделі мен ар намысына тиетін сөздердің айтылуы пропаганда жасалып жатқандығын және де жалпылама буллингке душар болып жатқандығымды хабарлаймын, – деді мұғалім.

Президентке шағым жазған
Айжан Әділова 2025 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шағымданғанын айтты. Оның сөзінше, кейін арнайы зерделеу тобы құрылып, мектептегі бірқатар заңбұзушылық анықталған.
Мұғалім мектеп басшысының өзіне тағайындалған сағаттарды өткізбесе де жалақы алып отырғанын, мұғалімдерді қорқыту фактілері мен мектептегі тұрақсыз психологиялық ахуал құжат жүзінде дәлелденгенін айтты.
Шағымның нәтижесінде зерделеу тобы құрылып, мектеп басшысының өзіне тағайындалған сағаттарды бермейтіндігі алайда айлық есебінде ақша алып отырғандығы тексерістен кейін де бұл ақшаны үкіметке қайтармағандығы, мұғалімдерді қорқыту үркіту фактісі және де мектепте тұрақсыз психологиялық жағдайдың бар екендігі құжат жүзінде дәлелденген болатын, – деді ол.
Оның айтуынша, осыдан кейін Ақтөбе облысының білім басқармасы директорға ескерту берген, ал кейін айыппұл салынған.
Кейін сұрастыру барысында айыппұлдың жүз мың теңге көлемін құрайтындығын айтқан еді, – деді мұғалім.

"Маған жалған айып тағылды"
Айжан Әділова 2025 жылы бұрынғы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Тұрланы өзін "жалған айыппен" сотқа бергенін де айтты.
Мен соттан жеңіп, шұғыл апелляциялық шешім де ешбір өзгеріссіз қалды, – деді ол.
"Айжан бұзылған адам" деген сөз айтылған
Мұғалімнің сөзінше, 2025-2026 оқу жылының сәуір айының басында қазіргі оқу ісі жөніндегі орынбасары Қалиев Руслан Едігеұлы жас мамандарға өзі туралы жалған ақпарат таратқан.
Айжан бұзылған адам, онымен араласпаңдар, енді менің айтқанымды тыңдап араласпайтын болсаңыздар сағат мәселелеріңізді реттеймін, сіздерге түсіністікпен қараймын, – деген сөздер айтылғанын жеткізді Айжан Әділова.
Оның айтуынша, Руслан Қалиев бұл сөздерді кейін өзінің бетіне де айтып, оны "ағалық қамқорлықпен" жеткізгенін мәлімдеген.
Айжан Әділова мектеп директорына барып мәселені шешуді сұрағанын, алайда Руслан Қалиев мектеп басшысының көзінше де айтқан сөздерін қайталап, кешірім сұраудан бас тартқанын айтты.
Жасырын аудиожазба және әдеп кеңесі
Мұғалім мектеп басшысы мәселені әділ шешудің орнына оның жанайқайын жасырын түрде аудиоға жазып алғанын мәлімдеді.
Ал мектеп басшысы әділ шешім шығарудың орнына менің жанайқайым шығып жатқан сәтті яғни қорланып жатқан тұстағы сөздерімді жасырын түрде аудиоға жазып алған, – деді ол.
Айжан Әділованың сөзінше, 24 сәуір күні Руслан Қалиев пен Ұлқабай Оразбай Жәдігерұлы оның үстінен шағымданып, әдеп кеңесінің отырысы өткен. Сол жерде заңсыз жазылған аудиожазба дәлел ретінде қолданылған.
Осы әдеп кеңесте де мектеп басшысы заңсыз түрде жасырын жазып алған аудиожазбасын өзінің арандатушылық мақсатында қолданып мені әдепсіз адам ретінде көрсетті, – деді мұғалім.
Оның айтуынша, кейін әдеп кеңесінің хаттамасында бұл аудиожазба дәлел ретінде көрсетілгені танылған. Соның негізінде өзіне сөгіс берілген.
"Мұғалімдердің беделін қорғаудың орнына қысым жасады"
Айжан Әділова әдеп кеңесінің құрамында Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Елшілік Шынар, кәсіподақ төрайымы Лидия Шайгазина және Бибігүл Ақшұқарқызы болғанын айтты. Оның сөзінше, олар мұғалімдердің беделін қорғаудың орнына өзіне қысым жасаған.
Бибігүл Ақшұқарқызы әкемнің өзін саусақпен көрсетіп келемеждейтін сөздер айтқан болатын, – деді ол.
Мұғалім әдеп кеңесінің хаттамасы бұрмаланып жазылғанын және оның көшірмесін беруден бас тартылғанын жеткізді.
"Видеоларды заңсыз өшіртті"
Сондай-ақ Айжан Әділова 2025 жылы мәслихат депутаты Елшілік Шынар учаскелік полицейлерді WhatsApp арқылы шақырып, ата-аналардың телефондарындағы видеоларды заңсыз түрде өшірткенін мәлімдеді.
102-ге хабарласпай, яғни тіркелмеген қоңырау арқылы учаскелік полицейлерді ватсап номері арқылы шақырып ата-аналардың телефонындағы видеожазбаларды заңсыз түрде тартып алып, өшірткендігі туралы хабарлаймын, – деді мұғалім.
"Әріптестерім де қысым көріп жатыр"
Айжан Әділованың айтуынша, барлық мәселені әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін ғана мектепішілік кәсіподақ ұйымы оның арызын қарап, Руслан Едігеұлы кешірім сұраған.
Осы мәселелердің барлығын әлеуметтік желіге ашық жазғаннан кейін ғана мектепішілік кәсіподақ ұйымы менің жиырма үшінші сәуірден бері қараусыз жатқан арызымды қарады және де Руслан Едігеұлы менен кешірімін сұрады, – деді ол.
Мұғалім қысым тек өзіне ғана емес, басқа әріптестеріне де жасалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, кейбір мұғалімдер қысымға шыдамай жұмыстан кеткен.
Мұндай қысымға шыдамаған менің бірнеше әріптестерім осы уақытқа дейін жұмыс орындарын ауыстырды, – деді Айжан Әділова.
"Мұғалім - құл емес"
Сонымен қатар ол бірнеше жылдан бері әділ шешім іздеп жүргенін, алайда нақты нәтиже болмағанын айтты.
Ақтөбе қаласындағы барлық білім бөліміне қатысты органдарға өз арыздарымды қалдырдым, өз аяғыммен барып барша беделді адамдармен сөйлестім. Алайда мардымды жауап таба алмай керісінше өзімді кінәлау одан әрі ұлғая берді, – деді мұғалім.
Айжан Әділова денсаулығына зиян келгенін айтып, бірнеше жылдан бері ем алып жүргенін жеткізді.
Мұғалім құл емес өз ойын ашық айтатын адам, – деді ол.
"Әлеуметтік желіге жариялауға мәжбүр болдым"
Мұғалім өзіне жиі қойылатын "неге бес жыл бойы осындай қысымға шыдадыңыз?" деген сұраққа да жауап берді.
Басты себебі мен шыдамадым. Жай ғана мектеп басшысы мен оның орынбасарлары әрбір заңсыз істер анықталғаннан кейін "Айжан, кешір бұндай іс әрекеттер енді қайталанбайды" деп келген, – деді Айжан Әділова.
Ол зерделеу тобының мүшелері де өзін сендіргенін айтты.
Саған қолын беріп тұр, кешірімін сұрап тұр, біздің алдымызда сөздерін растап тұр, енді саған қысым жасамайды" деген сөзіне жас маман ретінде сеніп барлығын бітіммен шешуге тырысып келдім, – деді мұғалім.
Айжан Әділова қазір бұл істің тоқтамайтынына және әділ шешім таппайтынына көзі жеткен соң әлеуметтік желі арқылы жанайқайын айтуға мәжбүр болғанын жеткізді.
Бұл жағдайға қатысты Ақтөбе облысы білім басқармасынан ресми пікір білдіруін сұрадық. Ресми жауап берілген жағдайда ақпарат қосымша хабарланады.
Ең оқылған:
- “Соңғы қоңырау” атауының өзі өзгеріп жатыр: Биыл мектеп бітіру кештері қалай өтеді?
- Найзағай, аяз және өрт қаупі: 16 өңірде дауылды ескерту жарияланды
- Қазақ оқушысы қатерлі ісікті анықтайтын ЖИ үшін АҚШ грантын ұтып алды
- Иран: АҚШ пен Израильге зымыран қорын қайта қалпына келтіру қиын болады
- Әлемде алғаш рет бір ел барлық азаматына ChatGPT Plus-ты тегін ұсынады
Сымбат Сатыбалдина