«Аватар: Су жолы». Қазақ тіліндегі сеанстар тағы да ыңғайсыз уақытқа қойылған

15 Желтоқсан 2022, 15:39
3963
Бөлісу:
«Аватар: Су жолы». Қазақ тіліндегі сеанстар тағы да ыңғайсыз уақытқа қойылған

Кеше Джеймс Кэмеронның «Аватар: Су жолы» ғылыми-фантастикалық фильмі қазақ тілінде жарыққа шықты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Туындыны дыбыстауға 300-дей дубляж актері жұмылдырылған. Басты кейіпкерді Джейк Саллиді – актер Қобыланды Болат, Зои Салдананы Шехназ Қызықанова дыбыстайды.

Іс-шарада Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов құттықтау сөз сөйледі.  

Біздің басты мақсатымыз - кино саласын дамыту. Және де осы арқылы қазақтілді дубляжды дамыту әрі аудиторияны кеңейту. Бұл фильм қазақ фильм индустриясының ілгерлеуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Әлемдік деңгейдегі фильмдердің қазақ киносында орны бар екені анық. Мәдениет және спорт министрлігі бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастырады, - деді вице-министр Нұрқиса Дәуешов.

Актер Қобыланды Болат:

Әлемдік деңгейдегі Джеймс Кэмеронның фильмін дыбыстауға өз үлесімді қосқаныма өзімде қуанышты болып отырмын. Бұл мен үшін мақтаныш. Бұл менің дубляждағы ауыз толтырып айтатындай дебютім деп білемін, - деді актер.

Әлеуметтік желі қолданушылары кинотеатрлардан қазақ тілін талап етуіміз керек екенін айтып, бастама көтерді. 

Қазақ көрермені осы премьераны пайдаланып, дубляж нарығына ықпал ете аламыз. Яғни мәселе мынадай: қазақша дубляжға көп жағдайда адам аз барады екен-мыс. Кинотеатр – жекеменшік кәсіп болғандықтан, сеанстарының уақытын сұранысқа қарай қояды. Сондықтан көрсетілімнің қазақша нұсқасына барынша көбіміз баруымыз керек. Қазақшаға сұраныс көп болса, «сыйласқанның суын іш» деп, кинотеатр да бәрін көрерменге қарай ыңғайластырады. Кинопрокатта бірінші апта аса маңызды, оның нәтижесіне қарап, екінші аптаның кестесін жасайды. Бірінші аптада бәріміз: отбасы, бала-шаға, көрші-қолаң,ауыл-аймақ болып «Аватар: Су жолы» фильмінің қазақша сеанстарына тойға барғандай жаппай ағылып барайық, – деп жазылған Qazaq grammar парақшасында.

Белгілі журналис Мақсат Толықбай кинотетарларда қазақша сеанстың аз екенін айтып жазба қалдырды.

Аударылғанда да, ескі түрік сериалдарының стилінде емес, екі адам кезек-кезек оқитын, жаңа форматта. Кинотеатрларға жол тартты. Қош, енді сеансын қараңыздар. Күндіз, ел жұмыста жүрген уақытқа, 14:30-ға бір рет қойылыпты. 20-дан астам көрсетілімнің тек бірі ғана қазақша! Орыс тілінде болмасын деп отырған жоқпыз, бірақ кем дегенде тепе теңдік саясаты болуы керек қой? Осыдан кейін, қазақша дубляжға ешкім бармайды деп қорытынды шығара сала ма? Бұл әсте дұрыс емес. Ыңғайы келсе қазақтілді сеансты таңдайық, барайық. Сұраныстың барын көрсін, - деді Мақсат Толықбай. 

Өзгелердің жаңалығы