Ауыз су жобаларында шикілік көп - Смайылов

2 Мамыр 2023, 11:01
1035
Бөлісу:
Ауыз су жобаларында шикілік көп - Смайылов
Фото: kabar.kg

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің бірқатар өңірінде сумен қамту мәселесі шешілмегенін айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министр кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кеткенін атап өтті.

Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері бітпей келеді. Іздестіру-барлау жұмыстары да уақытында басталған жоқ. Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр. «Сақалды» құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп. Мұның айқын мысалы ретінде Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-ші кезеңін айтуға болады. Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр, - деді Смайылов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, сумен жабдықтау жүйесінде техникалық ақаулардың орын алуына негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі себеп болып отыр.

Мәселен, сәуір айында магистральдық құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауыз сусыз қалды. Абай облысындағы Андроновка ауылында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды . Семейде су арнасындағы авария 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сондай-ақ, магистральдық құбырдағы авариядан Ақмола облысының 11 елді-мекеніне су берілмей қалды. Бұл – тек бір айдың ішінде орын алған жайттар. Мұндай проблемалардың барлығын кешенді түрде шешу керек, - деді Үкімет басшысы. 
 

Өзгелердің жаңалығы