Ауыр жарақат, 10 сағаттық кідіріс: Шудағы оқиға Бишімбаев ісін еске салды

26 Қараша 2026, 14:37
АВТОР
 freepik.com 26 Қараша 2026, 14:37
26 Қараша 2026, 14:37
173
Фото: freepik.com

Жамбыл облысының Шу қаласында ауыр бас жарақатымен ауруханаға жеткізілген әйел комаға түсті. Қоғам белсенділері оқиғаны Бишімбаев ісімен салыстырып, құқық қорғау органдарынан істі ерекше бақылауға алуды сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әйелдің жағдайы ауыр

«Не молчи» қоғамдық қорының негізін қалаушы Дина Смаилованың мәліметінше, 24 қарашада Шу қаласының ауруханасына 1976 жылы туған әйел аса ауыр жағдайда жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, әйел ауыр заттың соққысынан бас жарақатын алған. Сондай-ақ оның миы шайқалып, бетінде көптеген қанталау мен соққы іздері анықталған.

Қазір әйел комада жатыр.

Жедел жәрдем 10 сағаттан кейін шақырылған

Смаилованың сөзінше, жәбірленушінің қызы болған жағдайға анасының бірге тұратын серігін кінәлап отыр.

Ал ер адам әйелдің ес-түссіз жатқанын байқамағанын, оны ұйықтап жатыр деп ойлағанын айтқан. Қоғам белсендісінің мәліметінше, жедел жәрдем шамамен 10 сағаттан кейін шақырылған. Сондай-ақ ер адамның көру қабілеті бойынша бірінші топтағы мүгедектігі бар екені айтылды.

Алайда оқиғаның нақты мән-жайы әзірге ресми түрде анықталған жоқ.

Қоғам белсендісі оқиғаны Бишімбаев ісімен салыстырды

Дина Смаилова Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне, Жамбыл облысының полиция департаментіне және депутат Снежанна Имашеваға үндеу жасап, істің жан-жақты тергелуін талап етті.

Ол оқиғаны бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісімен салыстырып, құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты да сауал көтерді.

Полиция не дейді?

Жамбыл облысының полиция департаменті редакциямызға берген жауабында аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті зерттеулер тағайындалды. Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауында. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді, - деп хабарлады Жамбыл облысының полиция департаменті.

Әзірге полиция ер адамның процессуалдық мәртебесі мен қылмыстық істің қай бап бойынша қозғалғанын хабарлаған жоқ.

Еске салсақ, 2024 жылғы 13 мамырда Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргені және азаптағаны үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Аталған іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аударды.

Наверх