Ауылшаруашылық жерлерін жекешелендіруді тоқтату керек - Төлеутай Рахымбеков

13 Наурыз 2021, 15:50
3261
Бөлісу:
Ауылшаруашылық жерлерін жекешелендіруді тоқтату керек - Төлеутай Рахымбеков

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мәжіліске жолдағанын айтты.

Осыған қатысты «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков ауылшаруашылық маңызы бар жерлерді жекеменшікке және жалға беруге шектеу қою керек деген пікірде.

Біз «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламамызды үгіт-насихат жұмысы кезінде де бұл мәселеге қатысты өз пікірімізді айтқан болатынбыз. Біз қарсымыз! Шетелдік азаматтарға, азаматтығы жоқ азаматтарға және шетелдік кез келген үлесі бар заңды тұлғаларға ауылшаруашылық маңызы бар жерлерді жекеменшікке және жалға беруге шектеу қою керек. Қатаң шектеу қою керек, - деді ол. 

Оның пікірінше, қазақта бұрыннан жерге жекеменшік болмаған. 

Бізде жер, мысалы ру арасында бөлінген. Жайлауы, қыстауы және басқасы болып бөлінген. Кейбіреулер шетелдің тәжірибесі бар деген пікір айтып жатады. Франция, Канада, Австралия, Американы көрсетіп жатады. Дегенмен олардың ұлтының менталитеті басқа, біздікі басқа. Сондықтан кез келген шешім, тек қана жер мәселесіне қатысты ғана емес, басқа да шешімді менталитетке қарай қабылдау керек, - деп атап өтті «Ауыл» партиясының өкілі. 

Төлеутай Рахымбеков ауылшаруашылық жерлерін жекешелендіруді тоқтату керек деп атап өтті. 

Ауылшаруашылық маңызы бар жерлерді жекешелендіруді қазақстандық азаматтар үшін де тоқтату керек. Ол керек емес. Заң бойынша 49 жылға жалға берілгені жетеді деп есептейміз. Демек, мысалы, азамат 20 жасында ауылшаруашылық бизнесін бастаса, 49 жыл өткенше 69 жасқа келеді. Енді жер тиімді пайдаланылып, ұрпақтарына, баласына қалдырып кеткісі келсе, жер сол шаруа қожалығында қалуы керек. Оны заңда көрсетуге болады, - деп түсіндірді ол. 

«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жекешелендіруді тоқтату қажет екенін айтты.

Жер кодексі 2003 жылы 11 маусымда қабылданғалы 18 жылдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Қазақстандағы 200 млн-нан астам ауылшаруашылық маңызы бар жерлердің тек 1,8 млн гектары жекешелендірілген. Демек 1 пайызға да жетпейді. Оның өзі оңтүстік аймақтардағы құнарлы суармалы жерлер. Сондай-ақ, ірі қалалардың маңындағы жерлер. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды ауылшаруашылығы маңызы бар жерлерді жекешелендіріп алды да, кейін жеке тұрғын үй құрылысына бөліп-бөліп, сатып жіберді, - деп айтты Төлеутай Рахымбеков. 

Бұған дейін хабарланғандай, кеше Мемлекет басшысы твиттерде «Бүгін мен өзімнің Президент ретінде заң шығаруға бастамашылық ету құқығымды пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдадым. Парламент оны белгіленген регламентке сәйкес қарастырып, тиісті шешім қабылдайды» деді.

Өзгелердің жаңалығы