Ауылшаруашылық техникаларын ақылы жолдарда тегін жүргізу ұсынылды

16 Ақпан 2021, 15:56
1506
Бөлісу:
Ауылшаруашылық техникаларын ақылы жолдарда тегін жүргізу ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордалықтар ауылшаруашылық техникаларын ақылы жолдарда тегін жүргізуді ұсынды, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі. 

Қызылорда облысының Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарында «Қызылорда-Шымкент» және «Қызылорда-Қарабұтақ» жол учаскелерінде ақы алудың ашық жүйесін енгізуге қатысты қоғамдық тыңдау өтті. 

Ауылшаруашылық техникаларын ақылы жолдарда тегін жүргізу ұсынылды

Апта соңына дейін осы мәселе бойынша тыңдаулар Қызылорда облысының Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарында және Арал қаласында жалғасады.

Іс-шара барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерге ақы алудың ашық жүйесінің жұмыс істеу принциптерін, ақы төлеу тәсілдерін, сондай-ақ ақылы автожолдардың артықшылықтарын түсіндірді.

Атап айтқанда, ақылы жолдардың өзін-өзі қаржыландыруға өтуі тас жолды сақтауға және жол бойындағы қызметті үздіксіз жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жүргізушілер мен жолаушыларға қауіпсіз және ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз етеді.

Жиын барысында тұрғындар: төлем мөлшері, тәсілдері, жеңілдіктер және т.б. сұрақтар мен пікірлерін айтты.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі Бауыржан Камалитден 2 және 3-санаттағы жолдарда жеке жеңіл көлік иелері төлемнен босатылғанын жеткізді. 

Сондай-ақ 1-санаттағы ақылы жолдарға іргелес өңірлердің тұрғындары үшін жеңілдік ретінде «жылдық абонемент» көзделген. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлері және оған теңестірілген ардагерлер, мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін жеңілдіктер енгізу туралы мәселе қаралуда, - делінген таратылған ақпаратта.

«Қызылорда-Шымкент», «Қызылорда-Қарабұтақ» жолдарында көлік құралы иесінің жеке шотын интернет, төлем жүйелері және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы толтыруды көздейтін «ашық жүйесі» енгізілетін болады.

Ауылшаруашылық техникаларын ақылы жолдарда тегін жүргізу ұсынылды

Кейбір азамат көлік салығын төлегеніне қарамастан, жол жүру ақысын неге төлеу керегін алға тартты. Спикерлер жылжымалы мүлікке төленетін салықтың барлығы бірден автожолдарға емес, бірінші республикалық бюджетке түсіп, кейін денсаулық, білім беру, әлеуметтік төлемдер, инфрақұрылым құрылысы және т.б. түрлі мақсаттарға бөлінетінін түсіндірді.

Басқа салықтар сияқты «көлік» салығы да жаңа жолдар салуға және ескі жолдарды жөндеуге бағытталуы мүмкін. Бірақ бұл мемлекеттік шығындар – жолдарда смарт-жүйелерді, қауіпсіздік жүйелерін енгізуді, жол төсемін жедел және тұрақты жөндеу мен тазалауды, жүргізушілер мен жолаушылардың демалуы үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздемейді. Осы мақсаттар үшін мемлекет күрделі жөндеуден өткен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ақы төлеу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.

Айта кетсек, қоғамдық тыңдауға қатысушылар көптеген идея мен ұсынысын айтты. Соның ішіндегі ең маңыздысы: арнайы ауылшаруашылық техникаларын жол ақысын төлеуден босату. Бұл аграрлық өнім бағасының өсуіне жол бермейді деп атап өтті қызылордалықтар.

Азаматтардың барлық мәселесі мен өтініші хаттамаға енгізіліп, ұлттық компания басшылығына жеткізілетін болады.



Өзгелердің жаңалығы