Ауылға қаржы, жастарға мүмкіндік: «Ауыл» партиясы Павлодарда қандай ұсыныстар айтты

 auyl.kz/kz 17 Тамыз 2026, 20:00
17 Тамыз 2026, 20:00
146
Фото: auyl.kz/kz

«Ауыл» партиясының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов Павлодар облысында аграрлық өндіріс, білім мен ғылымды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол Набережное ауылындағы «AndasAgro» ЖШС ұжымымен, сондай-ақ Павлодардағы ғалымдар, профессорлар және оқытушылармен кездесті.

«AndasAgro» көкөніс өсіру және сақтау, дәнді және бұршақты дақылдар өндіру, тұқым шаруашылығы мен сүтті мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Кездесуде қаржы құралдарының қолжетімділігі, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі, өсімдік және мал шаруашылығының тұрақты жұмысына қажетті жағдайлар талқыланды. Аграршылар үшін мұндай қолдау жұмысты алдын ала жоспарлауға, өндіріске инвестиция салуға және шаруашылықты жүйелі дамытуға мүмкіндік беретіні айтылды.

Бірнеше бағытта жұмыс істейтін шаруашылықтар үшін қолдау нақты өндірістік үдерістерді ескеріп, тұтас өндірістік тізбекті қамтуы маңызды. Партия бағдарламасында ауыл шаруашылығын дамыту, қолжетімді қаржы құралдарын ұсыну, мемлекеттік қолдаудың түсінікті әрі тиімді тетіктерін қалыптастыру және ауылдағы нақты өндіріс арқылы өңір экономикасын нығайту көзделген.

Ғылыми қауыммен кездесуде білімді экономикамен ұштастыру, өңірлерге қажетті мамандар даярлау және отандық ғылымды дамыту мәселелері көтерілді. Партия оқу-өндірістік кешендерді қайта жандандырып, мектептерде жұмыс берушілермен бірлескен бейіндік сыныптар ашуды ұсынады. Сондай-ақ агроколледждер мен аграрлық жоғары оқу орындарында оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын кеңейтіп, ауыл жастарының сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру мүмкіндігін арттыру көзделген.

«Ауылдан – диплом алуға, кейін елге – жұмыспен, баспанамен және болашаққа мүмкіндікпен!» бастамасы жастардың білім алған соң туған өңіріне оралып, мамандар қажет жерлерде еңбек етуіне бағытталған.

Бағдарламада ғылыми зерттеулерге инвестицияны арттыру, толық циклді отандық технологияларды дамыту, тұқым, асыл тұқымды мал және ауыл шаруашылығы техникасы бойынша импортқа тәуелділікті азайту қарастырылған.

Наверх