«100 жаңа есім»: Ауылдастарының арманын орындаған ұстаз

30 Сәуір 2021, 17:20
3598
Бөлісу:
«100 жаңа есім»: Ауылдастарының арманын орындаған ұстаз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының төртінші кезеңінің жеңімпаздарымен кездесті. Олардың қатарында ауылдастарына аспалы көпір салып берген Ахат Рақышев бар.

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында ұстаз болып қызмет атқаратын Ахат Рақышев жеңісімнің де, жобамның да авторы, қолдаушысы халық дейді. Ол – мектепте графика және жобалау пәнінен мұғалім.

Үржар ауданының Көктал ауылына салынған көпір - кезінде жапондықтар Семей қаласына салған аспалы көпірдің он есе кіші нұсқасы.

Ауылымызда Қатынсу деген өзен ағады. Көктемде тасығанда, атты кісі өте алмайды. Су тартылды-ау деген жаздың өзінде мал түгендеуге, шабындықты шөмелелеуге деген секілді жұмыстарға ауыл халқы бара алмай қалады. Балықшылар күзгі суықта суды кешіп өтіп жүретін, - дейді Ахат Рақышев.

Сол кезде көкталдықтар «көпір болса, шіркін» деп армандайтын көрінеді.

Осылайша көптің көкейінде жүрген мәселені шешу үшін сыныптастар бірігіп, сол көпірді салып беру идеясы келді. Осы ойымды қолдап, қаражат пен күшін жұмсаған барша сыныптасым мен ауылдасыма шексіз ризамын. Көпір салу идеясын іске асырған солар. Олардың қолдауынсыз жобаны іске асыру мүмкін емес еді. «100 жаңа есім» жобасына ұсынылуым мен жеңіске жетуім сол ауылдастарымның арқасы, - деп ағынан жарылды ол.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мақсаты – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихы мысалында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге құштарлық идеяларын ілгерілету. 

Жоба 2017 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен бастау алған. 

Содан бері жобаға 5 000-нан астам әр саланың мықтылары қатысты.


Өзгелердің жаңалығы