Ауылдағы аз халық екіге бөлініп, ырду-дырду болмай ма? - Депутат

6 Сәуір 2023, 16:59
1016
Бөлісу:
Ауылдағы аз халық екіге бөлініп, ырду-дырду болмай ма? - Депутат
Фото: newsroom.kz

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кеңесті құру кезінде ауыл округінен тағы бір ауыл әкімін сайлап қоймаймыз ба? Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда ауыл әкімдерін тікелей халық сайлайды. Енді алдағы уақытта кеңеске біраз өкілеттік берілгелі тұр. Ауыл әкімі мен кеңес төрағасының арасында көптеген мәселеге байланысты кикілжің болып, «қойшы көп болса...» деген мәселенің кебі келіп қоймай ма деген мәселе бар, - деп айтты Ұласбек Сәдібеков.

Депутат заң жобасының біраз талқыланатын мәселе екенін айтты.

Менің ойымша, жұмыс тобын құрып, елді-мекендерге, ауылдарға шығып, шын мәнінде елге қажетті мәселені айқындау қажет. Бүгінгі таңда халық әртүрлі мәселемен бірінші ауыл әкіміне барып жатады. Ертеңгі күні кішкентай ауылдағы халықтың өзі екіге бөлініп, ырду-дырду болып жатпай ма деген мәселе бар, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар ауыл әкімін де дәл солай халық сайлайды.

Ертең ол (Кеңес төрағасы – ред.) «сені мәслихатқа айтып, босаттырам» деп отыратын жағдай болса, тағы да халық бір жақта, екі басшы бір жақта қалып қоймай ма деген мәселе бар. Ауылға шығу керек. Халыққа қажетті мәселені көру керек, - деп ұсынды депутат.

Бұған дейін заң жобасын Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков таныстырғанын жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы