Ауылда кәсіп те, жұмыс та көп – кәсіпкер

Бүгiн, 00:20
159
Бөлісу:
Ауылда кәсіп те, жұмыс та көп – кәсіпкер
Фото: жеке мұрағатынан

Шағын ауылда 75 шаруа қожалығы бар! Бұл – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Ерназар ауылы. Еңбектің көрігін қыздырған ұста мен шебер, тігінші – түрлі кәсіп иесі осы ауылда. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласында табан ақы, маңдай терімен адал нәсіп теріп отырған Болатбек Айтуаровтың тыныс-тіршілігімен BAQ.KZ тілшісі танысып қайтты.

Ел экономикасының ілгерілеп, әлеуетінің көтерілуіне агросаласының әсері зор. Мемлекет тарапынан осы салаға айтарлық көңіл бөлініп, қарапайым шаруалар тірлігін тіктеп келеді. Бүгінде бір ғана 295 ауласы бар Жамбыл ауданына қарасты Ерназар ауылында 75 шаруа қожалық бар. Аталған ауылда 2011 жылдан бері ауылда іс бастап, бүгінде сол кәсібінің нәсібін көріп отырғандардың бірі – Болатбек Айтуаров. «Аят-Аян» шаруашылығының жетекшісі ала жаздай бел жазбай еңбектің көркін қыздырып, қыс бойы төрт-түлік баптап, борадақылаумен айналысады.

Ауылда кәсіп те, жұмыс та көп – кәсіпкер

Болатбек Айтуаров бастапқыда өз ісін аз ғана малмен бастаған еңбек адамы бүгінде таза бейнеттің арқасында егінін, ұлғайтып, техникасын түгендеп, төрт-түліктің қатарын арттыруда. Ол әрине, тынымсыз тірлік пен үлкен еңбектің жемісі дейді.

Біздің ауыл кезінде «Қызыл Октябрь» деп аталған. Сол кезде өз шаруамды бастадым. Ол кезде колхоздың бір ғана комбайынын жекешелендіріп алғанмын. Ондағы мақсат – екі қолға бір күрек табу болды. Сонымен қолда бар техникамен қарап жатпайсың ғой, әлбетте тіршілікті бірден бастап кеттім. Ала жаздай сол комбайнды іске жаратып, ауылдағы алқаптарға шықтым. Тиыннан, теңге құрап, мал алуды жөн көрдім. Үйде мал ұстағаннан кейін егін еккен де дұрыс. Сатып алсаң бәрі ақша. Ауыл деген береке ғой. Осындай жерде тұрып, игілікті неге көрмеске, деп шешім қабылдадым. Сол шешімім өзім үшін де отбасым үшін де өте дұрыс болды. Міне, 13 жыл болды, шаруашылықтың арқасында балаларды өсіріп, оларды оқытып, елдің арты да алды емес, ортасы болып жүрген жайымыз бар.

Еңбек адамы дәнді дақылдарды өсірумен айналысады. Жыл сайын 30-40 гектар алқапқа бидай, 60 гектар жерге арпа егеді. Егін басына шығыратын техникасы түгел. 2023 жылы ескірген техникалардың орнына мемлекеттің қолдауы аясында лизингке жаңа техникалар алды. Еңбек адамының биылғы өнімі әр гектардан 25 центнерге айналды. Еткен еңбегіне шашау шығармай, ауласындағы қоймаға жинап қойды.

Биыл жақсы өнім алдым. Күн райы біз секілді шаруаларға қолайлы, жер құнарлы, ылғалды болды. Алланың берген 5 ұлы бар. Соларды еңбекке баулып, осы техникаларды үйретіп жатқан жайым бар. «Ауыл – асыраушымыз». Өзіміздің қара шаңырақ тұрғанда қалаға сандалуды жөн көрмеймін. Әрине, әр адамның өз таңдауы бар ғой. Өзім туып-өскен жерім, ауылды жақсы көремін. Қажетті азық-түлік үйіңнен шығады. Егін ексең де, мал бақсаң да – табиғи өнім. Балаларым да таза ауада, ауылда ет жеп өсіп келеді, денсаулықтары жақсы деп айта аламын. Ауыл деген береке ғой, расында. Мен қазіргі жастарды түсінбеймін. Үлкен қалаға барып, не басында баспанасы жоқ, не табысты жұмысы жоқ. Сөйте тұра ауылға келіп тұрғысы жоқ. Мен өзім осы жолды таңдадым. Бала күннен айтып отыратынмын: қара шаңырақта өзім қаламын деп. Мінекей, қазір сол сәттеміз. Екі қолға бір күрек кез келген жерден табылады. Дегенмен, өзің өскен-өнген ауылыңа титтей болса да қолғабыс тигізсең – сол сауапты іс болар деп топшылаймын, – дейді кейіпкер.

Болатбек Айтуаров кәсіпкер ретінде ауылдағы игі бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп отырады. Ондағы мақсаты – туған өлкесінің көркеюіне аз да болса үлес қосу. Бұл ісін ол перзенттік парызым деп санайды. Көп сөзге жоқ жігіт ағасы іске мығым. Өз күшімен техника алып, қора салып, ұлдарына да тәлімді тәрбие беріп отыр. Еңбекқор отбасының қайсысын алсаң да кәсіпті жатсынбайды, еңбектен қашпайды. Сондықтан да ауылдастары адал еңбегімен аймаққа аты озған отбасыны құрметтейді. Күні-түні төккен терден бағын тапқан шыңғырлаулық шаруаның еңбек жолы – көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге дейді Ерназар ауылдық округінің әкімі Ержан Жолбай.

Ауылымызда 295 түтін бар. Тұрғындардың 98 пайызы қазақтар. Ауылда әлеуметтік нысандар бар, инфрақұрылым жақсы. Ауылымызда іскер азаматтар өте көп. Соңғы жылдары мемлекеттік түрлі жобалардың арқасында жаңа кәсіпкерлік нысандар ашылуда. Ал Болатбек Айтуаров өз ісінің кәсіби маманы десем қателеспеймін. Күні бойы өз ісімен жүреді, қолы қалт босай қалса, ауылдастарына қолғабыс етіп жүреді. Ұлдары да өте тәрбиелі азаматтар. Менің ойымша, нағыз еңбек адамдары осы ауылдан шығады. Оларды насихаттау, жастарға үлгі ету дұрыс деп білемін. Бүгінде «Аян-Аят» шаруашылығында бірнеше адам жұмыспен қамтылғанын да атап өтсек болады, - дейді ауыл әкімі.

Кейіпкерімізді бұл салаға әкелген техникаға деген бала кезінен ерекше сүйіспеншілігі. Арман қуып, қалаға оқуға бармай, көрші ауылдағы Өрнек колледжінде механизатор мамандығын оқыды. Ал, механизатор егінмен айналысатын ауылдық жерде ең қажетті мамандықтың бірі саналады. Оқуды бітірісімен, жастайынан ауыр еңбектен қашпай, техниканың, оның ішінде ауыл шаруашылығына арналған көліктерге отырды. Қазіргі уақытта да техникадан ақау шықса, өзі ретке келтіріп, жөндеп отырады. Тіптен ауылдағы бірқатар шаруаларда оған өз техникаларын сеніп тапсырады. Асқан кәсібилігінің арқасында еңбек адамы ауыл азаматтарының ілтипатына бөленіп, сый-құрметке кенеліп жүр. Мұның барлығы өзінің еңбексүйгіштігінің, кәсібилігінің арқасында жетіп отырса керек. Шаруа адамының айтуынша, ауыл жұмыс уақытпен санаспайды. Таңсәріде үйден шығып, тас қараңғыда қайтатын кездер де жиі кездесіп жататын көрінеді. Өйткені, көктемде егіс алқабындағы жұмыстарға қызу кірісіп, тұқым себеді. Ал күзбен қатар келетін орақ науқанында маңдай термен өсірген өнімдерін шашпай-төкпей жинап алу бөлек әңгіме. Қақаған қыста бүкіл техниканы келесі науқанға дайындайды. Осылай өмірдегі еңбек жолы бір мезгілден келесі мезгілге дейін тығыз сабақтасып келеді. Еңбекқор, ісіне адал кейіпкеріміз ешқашан жұмысқа жеңіл қарамаған дейді ерназарлықтар. Табыстың кілті адамның ынта-ықыласы. Ерік-жігерінің арқасы деп санайтын еңбек адамы әрқашан халыққа қызмет етуден аянып қалмақ емеспін дейді.

Жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Сондықтан қиындығына мойымау керек. Мал санын арттырып, одан мол өнім алу үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Өзім, тынымсыз тірлік еткеннің мерейі қашанда үстем болатынын білемін. Өйткені, әкем әрдайым еңбектің наны тәтті екенін санамызға құйып өсірді. Әкемнің үмітін ақтау, мықты маман болып елге еселі еңбек сіңіру менің негізгі мақсатым. Парызым – өз білгенімді ұрпағыма үйрету болып табылады. Жастардың ауылға келіп шаруашылыққа арласқанын құп көремін. Ал өзім бала кезімізден еңбекке араласып, диқандық өнердің қыр-сырын меңгердім. Жаздың аптап ыстығы, қыстың қара суығы, күз бен көктемнің жауын-шашынды күндері еңбек адамының жігерін мұқата алмайды. Ауыл шаруашылығында еңбек еткен мен секілді әрбір адам әр күннің қадірін біледі. Несібемді осы саладан таптым. Сондықтан менде шаршау жоқ. Науқандық жұмыс болғанына қарамастан ерінбеген адамға табыс табуға мүмкіндік мол.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қоғамның басты тірегі болып табылатын еңбек адамдарын ұлықтауды, оларды кейінгі ұрпаққа насихаттауды жеткізген болатын. Осы мақсатта елімізде 2025 жылы жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағын беруді ұсынған болатын. Бұл өз кезегінде ауылды аймақта адал еңбек етіп, қызы-жазы еңбектен бел жазбай жүрген жандарға үлкен мотивация әрі ауыл азаматтарына бұл атақ лайықты құрмет көрсетуді білдіреді. Болатбек Айтуаров бастама ауылдық жерлердің дамуына сеп болады әрі жастарды ауыл шаруашылығындағы кәсіби мамандықтарға тартуға негіз дейді.

Ауыл – жастармен көрікті. Жастарды ауылды өркендетуге шақырамын. Өйткені, барлығы өзіміздің қолымызда. Ауыл жанашыры ретінде осы сөзді үнемі жастарға да, балаларыма да айтып отырамын. Қазір ауылдың жағдайы өте жақсы. Газымыз бар, таза су әр үйге келіп тұр, - дейді кәсіп иесі.

Жалпы соңғы кезде әрбір ауылда әлеуметтік нысандар жаңа, халық игілігіне жарап тұр. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауылды-аймақта кәсіп ашамын деген азаматтарға жеңілдетілген несиелер мен қолдаулар көрсетіліп тұрады. Соның арқасында кәсіптің көзін тапқан азамататр құрметке бөленуде.

Өзгелердің жаңалығы