«Ауыл» жастары су тасқынымен күрес шараларына үлес қосуда

30 Наурыз 2024, 18:22
1651
Бөлісу:
«Ауыл» жастары су тасқынымен күрес шараларына үлес қосуда

«Ауыл» жастары су тасқынымен күрес шараларына үлес қосуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ел аумағында «Ауыл» партиясының Жастар қанаты «Күшіміз бірлікте» атты жалпы республикалық акциясына атсалысуда.

Бүгін аталған акция аясында «Ауыл» жастары аталмыш жалпыреспубликалық акцияға да өз үлестерін қосып, Ақмола облысы, Ақкөл ауданында су тасқынымен күресіп жатқан әскери қызметкерлер мен волонтерлерге шәй, су, ыстық тамақ таратты. Сондай-ақ, ауыл көшелерін қардан тазалап, жалғызбасты қариялардың аулаларын тазартты.

Жас ұрпақтың бойында сүйіспеншілік сезімін шыңдап, жанашырлыққа баулуды көздеген бұл акция 1 ай бұрын бастау алған болатын. Оның барысында «Ауыл» партиясының 20 өңірлік филиалының 200-ден астам волонтері ардагерлердің қоражайын қардан тазалап, үй шаруасына көмектесті.

Сондай-ақ партия өкілдері үндеу жасады.

Еліміздің өңірлеріндегі су тасқыны көптеген елді мекендерге қауіп төндіруде. Бірнеше аймақта төтенше жағдай жарияланды. Орталық және жергілікті жауапты атқарушы органдар апаттың салдарымен күресуге жұмылдырылды. Су тасқынының зардабын әсіресе, қырдағы ауылдар қатты сезуде. Дәл қазіргідей жағдайда билік пен қоғам өкілдері кінәліні іздеп, болмашы даумен уақыт жоғалтпай, мал шығыны мен жан шығынының алдын алуды ұйымдастыруы тиіс. Осындай сын сағатта ең алдымен партиямыздың өңірлік филиалдардағы өкілдерін, әрбір партияласымызды азаматтық жауапкершілікті жете сезініп, зардап шеккен отандастарымызға қол ұшын созуға шақырамыз, - делінген үндеуде.

«Ауыл» партиясы еліміздегі тосын жағдайға орай барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарды, жалпы ел азаматтарын салиқалылық пен сабырлық сақтап, күш біріктіріп, апатты жағдайға қарсы жұмыла әрекет етуге үндейді.

Біз талай қиын - қыстау кезеңдерде бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында сан түрлі сынақтарға қарсы тұра білген елміз. Табиғат апатынан тұтқиылдан келген қиындықты жұдырықтай жұмылып, бірге еңсерейік, ағайын, - деді ауылдықтар.

Өзгелердің жаңалығы