Ауыл әйелдерінің кәсібіне қолдау керек – іскер әйел

7 Қараша 2019, 13:05
3717
Бөлісу:
Ауыл әйелдерінің кәсібіне қолдау керек – іскер әйел
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жасырын емес, ауыл әйелдері сауатсыз һәм білімсіз, тек ошақ басында үй шаруашылығымен айналысуға қабілетті деген жалған стереотип қалыптасқан. Бүгінгі қазақстандық ауыл әйелдерінің форумы мұны жоққа шығарды десек болады. Асқар шыңдарға ту тіккен іскер әйелдің бірі Бану Тілегенова өзінің табысқа жету оқиғасымен бөлісті.

Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан форумның қатысушысы, марал  өсіру саласын белсенді түрде дамытып жүрген кәсіпкер Ақтөбе өңірінен келген Бану ханыммен тілдескен едік.
Ауыл әйелдерін түсініп, оларды әрдайым демеу керек. Өз істерін дөңгелетіп алып кетуіне қолдау көрсету қажет. Егер еліміздің шалғай ауылдары мен аудандарындағы отбасы өзін асырай алатындай деңгейде болса, ауқатты тұрса - бүкіл Қазақстан бақуатты, бай болады деп ойлаймын. Бүгінде ауыл әйелдерінің бизнесін насихаттау - құптарлық бастама. Ауылдың ешбір қоспасыз табиғи өнімдерісіз қала халқы өмір сүре алмайды. Сұраныс жоғары. Біз тек қана табиғи өнімдер шығарамыз. Ұлт денсаулығы мықты әрі салауатты болу - тікелей ауылға байланысты, - дейді ол.
бол1.jpg

Бану Тілегенова - "Зәру" заманауи шипажайының директоры. Бұл пантымен емдеу орталығы Мәртөк ауданының Қазан ауылында орналасқан. Бірнеше жылдар бұрын Шығыс Қазақстаннан 150 марал Ақтөбеге арнайы әкелінген екен. Кәсіпкерліктің жаңа бағытын меңгеру үшін қожалық мамандары кәнігі марал өсірудің қыр-сырын үйренген. 

Марал теңбіл бұғы өсіру - мал шарушылығының бір бағыты. Жануардың жас мүйізінен дертке дауа дәрі-дәрмек жасалады.

Бұл қожалыққа мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген екен. Дегенмен бірқатар мәселелер туындап, өз шешімін таппай отыр.
Біздің шипажай 50 орынға шақтылған. Үздіксіз жұмыс істейміз. Басты бағытымыз пантымен емдеу. Емдік шаралардың барлығы пантымен тікелей байланысты. Көптеген ауру түрлеріне шипа, пайдасы зор. Біз барша қазақстандықтарды өзіміздің отандық дертке дауа өніммен қамтамасыз етудеміз. Мемлекетке - рахмет. "Даму" бағдарламасы арқылы бізге субсидия берді. Санатория 2 мың шаршы метрді құрайды. Еуропалық стандарттарға сай салынған. Барша жағдай жасалған. Алайда, бізі толғандырып отырған бір мәселе бар. Шипажайымыз ауданда орналасқандықтан банктер бізден кепілзат қабылдамайды. Яғни, кепілдікке салу мүмкіндігіміз жоқ. Ал бізге қаражат керек. Бүгінгі таңда жобаның екінші кезеңін іске асырудамыз. Мүгедек жандар мен қарттарға арналған оңалту орталығын ашуды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті "Зәру" шипажайының басшысы.

Өзгелердің жаңалығы