Ауыл тұрғындарының мәселелері уақытылы шешілуі тиіс – депутаттар

13 Шілде 2021, 15:10
2274
Бөлісу:
Ауыл тұрғындарының мәселелері уақытылы шешілуі тиіс – депутаттар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл тұрғындарының проблемалары Мәжіліс депутаттарының ерекше назарында. Халық қалаулылары Ерлік Өмірғали, Берік Дүйсембинов және Ильяс Буларов өңірлерге жасаған жұмыс сапарында елді мекендердің жай-күйімен танысты.

Ақмола облысына сапары барысында Мәжіліс депутаты Ерлік Өмірғали Қараөзек кентінің тұрғындарымен кездесті.

Ауыл тұрғындары бұл елді мекеннің іргесінде ел астанасы болғандықтан болашағы да зор екенін айтады. Білім алып, оқуларын бітірген жастар да туған жерге оралып, кәсіп ашып, еңбек етуде. Ауылда көптеген инфрақұрылым сақталған. Орта мектеп, мәдениет үйі жұмыс істеп тұр.  Дегенмен, ауылда шешілмеген өзекті мәселелер бар.

Біз білгеніміздей мұнда ауылға қатынайтын жол жоқ, ауыз су тапшылығы бар. Медициналық және полиция пункттері  жұмысын жақсарту жайы да күн тәртібінде тұр. Ғаламтор желісін орнату жөнінде де айтылады. Осы мәселелерге қанығып, аудан әкімімен бірлесіп шешуге тырыстық. Жол, су және ғаламтор мәселелері әкімдіктің қаржыландыру арнасы арқылы шешілетін болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық пунктті жақын елді мекенге орналастыруды өз бақылауына алды. Ал, полиция пункті осы ауылдың өзіне көшіріледі. Себебі, бұл ауыл округтегі елді мекендердің дәл ортасында орналасқан. Мектеп ғимаратының шатырын жөндеу де шешімін табатын болды, – деді депутат Ерлік Өмірғали.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарынан шалғай орналасқан Бөген, Жаңақұрылыс, Шәкен, Асқар, Көктөбе ауылдары мен Жаңақорған кенті, Кейден ауыл округіне барып, ауыл халқымен, кәсіпкерлермен, құмда отырған малшылармен жүздесіп, жергілікті жердегі түйткілді мәселелерге назар аударды.

Кездесуде ауыл тұрғындары басты мәселе қуаңшылық, жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру, төрт түлік малға қажетті жем-шөп, жол мәселесі қиындық тудырып отырғанын айтты.

Сапар барысында Мәжіліс депутаты Тайпақкөл, Қандыарал көлдер жүйесі мен Басқарма, Көкарал су торабының қазіргі жағдайымен танысты.  

Мәжіліс депутаты Ильяс Буларов Жамбыл облысындағы Меркі ауданындағы «Береке Даст» шаруа қожалығының алмабағына және «Нұржан» шаруа қожалығы барды. Көлемі 20 гектарға жететін интенсивті алма бағы халық арасында аса сұранысқа  ие алма сорттарын өсіруде.

Сонымен қатар, депутат балық өсірумен айналысатын қожалыққа және көкөніс сақтау қоймасына барып, шаруалардың жай-күйімен танысып, айтылған ұсыныс-пікірлерді назарға алатынын жеткізді.

Мәжіліс депутаттарының ауыл-аймақтар мен шалғайдағы елді мекендерге іссапары жалғасуда.



Өзгелердің жаңалығы