Маңғыстауда ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдыратын бағдарлама іске қосылды

25 Шілде 2019, 11:44
3404
Бөлісу:
Маңғыстауда ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдыратын бағдарлама іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тек биылдың өзінде маңғыстаулық ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттен 821 млн теңгенің қолжетімді несиесі берілген, деп хабарлады "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ның баспасөз қызметі.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен осыған дейін 746 млн теңге бөлінді. Ауыл кәсіпкерлерін қолдау мұнымен шектелмейді. Бұған қоса Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өз қаражатынан ауылдық жобаларға 150 млн теңге бөлді.

Аталған қор төмен пайызбен ауыл тұрғындарына несие ұсынып келеді. Ауыл жобаларын қаржыландыру тиімді шарттармен жүргізіліп жатыр. Бағдарлама аясында кәсіпкер боламын деген жұмыссыз азаматтарға, кәсібін әрі қарай кеңейтемін деген бизнес иелеріне 6%-бен несие алу мүмкіндігі бар.

Мұнайлы ауданы Баянды ауылының тұрғыны Амангелді Өскенов «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 4 млн теңге несие алып, 5 боталы түйе сатып алған. «Айбек» шаруа қожалығы күніне екі мезгіл 7 түйе сауып, 15-20 литр сүт алады. Мейрамханалар мен көрші-көлемге дайын шұбаттың литрін 600 теңгеден сатып отыр.

«Біз кішкентайымыздан түйемен өскен адамдармыз. Оның бабын білеміз. Несие алғанға дейін де өз күшімізбен кәсіпті ақырындап бастап кеткен болатынбыз. Қазір бәрі жақсы, алған малдарымыз өсіп жатыр. Пайдасын көріп, шұбатын ішіп отырмыз. Малымыз өзінің жем-шөбін де ақтайды. Жұмыс істеймін деген адамға табылады. Малдың пайдасы мол. Тірлік еткен адам нанын табады», - дейді Амангелді Өскенов.

Жұмыссыз адам несие алу үшін аудандық Жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Бастау бизнес» жобасының курсынан өтуі керек. Өз кәсібін жаңадан бастап жатқандар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі.

«Ауылда кәсіпкерлікпен айналысатындарға 4, 6, 12 млн теңгеге дейін несие береміз. Берілетін несие көлемі жобаның мақсатына байланысты. Қор тарапынан мал мен құс өсіру бойынша «Игілік» несие өнімі, кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Кәсіпкер», сүт қабылдау бекеттерін дамытуға арналған «Бірлік», тауарлы сүт фермаларын құру және кеңейту бойынша «Ырыс» несие өніміміз бар», - дейді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Маңғыстау облыстық филиалындағы несие бөлімінің басшысы Шолпан Дүйсенбаева.

Маңғыстау өңіріндегі 5 аудан да бұл бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда филиалда жалпы сомасы 300 млн теңгеге жуық жобаны несиелеу өтінімдері қарастырылуда.

Ауыл шаруашылық бизнес түрлерімен қатар, Қор ауылда іске асырылатын басқа да кәсіпкерліктерді қаржыландырады. Ең бастысы – бұл қызметтер ауылды жерлерде көрсетілу керек.

Осы бағдарламамен ауыл кәсіпкері атанған Куватовтар отбасы да кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатарында. Олар Мұнайлы ауданы Атамекен ауылында мал шаруашылығын емес, типографиялық бизнесті дамытып отыр.

«Өткен жылы кәсіп ашуға бел будық. Ол үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» несиелеу бағдарламаларына жүгіндік. Осыған дейін жолдасым екеуміз типография ісімен айналысатын едік. Қордан 5 жылға 3 млн теңге қаржы алып жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау білдіріп жатқанда ісімізді неге дамытпасқа?! Қазір кең форматты баспа аппаратын алдық. Алғашқыда айналдырып кету оңай болған жоқ. Жарнаманы күшейтудің арқасында жұмыс жанданды. Баспа аппараттарын көбейтіп жатырмыз», - дейді Маржан Куватова.

Несие сомасы бизнес-жоспарда көрсетілген мақсатта игерілу керек. Несиенің тиісті бағыт бойынша пайдаланылуы қадағаланады.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен Маңғыстау облысында тағы бір бағыт қаржыландырылады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында «Сыбаға» несиелік өнімі бар. Несиелер етті бағыттағы ірі қара мен ұсақ мал басын, техника мен құрылғыларды, мал азығын сатып алуға беріледі.

Бұл бағдарламаның ерекшелігі: несие 7 жылға дейінгі мерзімге 12 млн теңгеге дейін беріледі. Сонымен қоса, 2 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі де қарастырылған. 

«Маңғыстау өңірінде қойды экспортқа шығарып отырмыз. Ауыл кәсіпкерлері несиелік қаржының арқасында ұсақ мал алып, оны бордақылап, екі жылдан кейін етін тапсырады. Бұл несиеге қол жеткізу үшін шаруашылықтың 150 гектар жері, қорасы болуы міндетті», - дейді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Маңғыстау облыстық филиалындағы несие бөлімінің басшысы Шолпан Дүйсенбаева.

Айта кетейік, мемлекет Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы ауылдағы азаматтардың кәсіппен айналысуына барынша жағдай жасап, мол мүмкіндіктер беріп отыр. Жұмыс істегісі келмеген адамға қашан да сылтау көп. Ал, еңбек етіп, кәсіпкер боламын, бала-шағамды сол кәсібіммен асыраймын дейтін еңбекқор азаматтарға әрқашан жол ашық.

Өзгелердің жаңалығы