Ауыл тұрғындары көпір салып беруді сұрайды

17 Қазан 2022, 17:12
1127
Бөлісу:
Ауыл тұрғындары көпір салып беруді сұрайды
Фото: автордан

Ертіс өңірі Май ауданы Баскөл ауылының тұрғындары өзен арқылы шабындыққа өтуге көпір салып беруді сұрайды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы 30 жыл бойы шөп шабу үшін өзеннің арғы бетіне паром арқылы өтіп жүр. Бірақ, техника әбден ескіргендіктен, қираудың шақ алдында. Шаруалардың айтуынша, шөп шабу науқанында паромның маңында көлік кептелісі пайда болады. 

Ауыл мен шабындық алқаптарды Ертістің Белая деп аталатын саласы бөліп тұр. Малмен күн көретін азаматтар үшін бұл мәселе жыл сайын қайталанады.  Қазіргі уақытта шаруалар үш мың гектарға жуық жерде шөп шабады. 

Шаруа қожалығының басшысы Саят Сапаровтың айтуынша, жуырда шабындық өртеніп, өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде жете алмаған. Себебі, паромның жүктемесі алып техниканы өткізуге қауқарсыз.

Жуырда 50-ге жуық шөмелем жанып кетті. Енді қыста малды асырау керек қой. Бір шөмеле 40 мың теңге тұрса, өз басмы 2 млн теңге шығынға баттым. Өткен жылы шаруақожалығын аштым. Иелігімде 50-ге тарта төрт түлік бар. Мен сияқты қанша шаруа бар. Паром Кеңес заманынан бері тұр. Оның өзін қолмен айналдырып жылжыту керек. Бір жағадан екінші жағаға өту үшін 15 минут өте шығады. Бұның бәрі алтын уақыт, - дейді Саят Сапаров. 

Баскөлдіктердің айтуынша, ауа райы қолайсыз күндері паром жұмыс істемей қалады. Бұл де шөп тасуға кедергісін келтіріп отыр.

Май ауданының әкімі Ағыбай Әміриннің айтуынша, өзеннің арғы бетінде алты мың гектарлық шабындық аумақ бар. Бірақ, өту жағынан қиындықтар болғандықтан, бұл алқаптарды игеру мүмкін емес.

Пантонды көпір бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Көпір салуға 215 млн теңге қажет. Қазіргі уақытта салалық мекемелерге бюджеттік өтінім беріп қойдық. Нысан құрылысы 2023 жылға облыстың даму жоспары шеңберінде бой көтермек.  Көпір – ауыл халқына аса қажет стратегиялық нысан, - дейді Ағыбай Әмірин.

Шенеуніктердің айтуынша, бұл мәселе көп жылдар бойы көтеріліп келеді. Сондықтан, көпір құрылысы мен жобаны жүзеге асыру барысы аймақ басшылығының жіті бақылауында болады.

Өзгелердің жаңалығы