Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту отандық зауыттардың өндірісіне серпін беріп отыр. Сатып алынатын техниканың 95%-ы Қазақстанда шығарылған. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында техникалардың жай-күйін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің мәліметінше, биылғы он айда лизинг арқылы сатып алынған комбайндар саны 21%-ға, тракторлар саны 16%-ға өскен.
Осы кезеңде «АгромашХолдинг» компаниясы 1 230 трактор шығарған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Ал «ҚазРост Инжиниринг» кәсіпорны 262 комбайн өндіріп, көрсеткішін 72 %-ға арттырған.
Ең маңыздысы, сатып алынатын техниканың 95 пайызы отанымызда өндірілген. Бұл отандық зауыттардың жұмысына да оң әсерін тигізуде, – деді Айдарбек Сапаров.
Он айдың қорытындысында ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 7,5%-ға жеткен. Жыл соңына дейін оны 8%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, техника паркінің тозу деңгейі де төмендеп келеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 90% болса, 2025 жылы 70%, биыл 63%-ға дейін азайған. Жыл соңына дейін оны 60%-ға түсіру көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан астығын терең өңдеу саласында қай өңірлерде жаңа кәсіпорындар ашылатыны хабарланды.