Ауыл шаруашылығы экономикалық пайда алып келетін сала - экономист

3 Қазан 2023, 16:37
830
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы экономикалық пайда алып келетін сала - экономист
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты республика халқына арнаған кезекті Жолдауында экономикаға баса назар аударды. Осы орайда экономист Бауыржан Ысқақовтың Жолдауда айтылған экономикалық мәселелерге қатысты пікірін білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жолдау негізінен әлеуметтік мәселелерді шешуді алға қойғанымен, басты мәселе ретінде экономикамыздың нық басуына бағытталды. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, еліміз әлі де экономикалық модельді қалыптастыра алған жоқ.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында да экономикамызғы қатысты мәселелерді нақты көрсетті. Біз осы 30 жыл уақыт аралығында әлі де Қазақстандық экономикалық модельді қалыптастыра алған жоқпыз. Оған басты себеп бюджеттің кіріс бөлігінің 70%-ға дейінгі үлесін экспорттық тауарлардан,өнімдерден түскен табыстардан қамтамасыз етіп отырғанымыз, бюджеттің тапшылығын ұлттық қордың қаражатымен жабуымыз, осылардың барлығына айналып келген кезде қазақстандық экономикалық моделдің қалыптасуына айтарлықтай әсерін тигізген жоқ. Сол үшін экономикалық моделді қалыптастыру дегенімізде экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік беруіміз керек. Қазір 2024-2026 жылға қабылданып жатқан бюджеттің өзі де әлі де мұнайдың табысынан, мұнайдың долларға шаққандағы баррелдің бағасымен тікелей байланысты. 80 доллар болған жағдайда 1 бюджет болады. Егер ол 80 доллардан төмендеп кететін болса басқа бюджетті қабылдаймыз. Экономикамыз сол мұнайдан түсетін табысқа тәуелді. Ал мұндай тәуелділік болған жағдайда тыңнан реформа жасаймыз деп айтудың өзі қисынсыз,-дейді спикер.

Оның айтуынша, түбегейлі экономикалық бағытты өзгерту керек. Бюджеттің басым бөлігін басқа да Қазақстанның қазба байлықтары емес, Қазақстанның қалыптасқан экономикалық үрдісіне қарай ыңғайлау қажет. Экономист осы тұрғыда негізгі үш факторды атап өтті.

Біріншіден, ауыл шаруашылығы қазіргі уақытта мұнайдың тағы басқа қазба байлықтардың көлеңкесінде қалып қойып отыр. Яғни ауыл шаруашылығына әлі де ойдағыдай инвестиция салып отқан жоқпыз. Ауыл шаруашылығымен айналысамын деушілердің де қатары осымен байқалады. Яғни әрбір екінші адам ауыл шаруашылығымен айналысамын, үлкен табыс көзіне айналдырамын деген сияқты қызығушылық танытпайды. Айналып келгенде бұл да ауыл шаруышылығына қатысты жасалып жатқан реформалардың түбегейлі дұрыс еместігін көрсетіп жатыр. Сол үшін ауыл шаруашылығын өте бір инвестициялық тартымды, ауыл шаруышылығымен айналысу экономикаға тек қана пайда алып келетін, сонымен айналысатын шаруаларға пайданың көзі сияқты қалыптастыруымыз керек. Мемлекет одан ақшаны аямау керек. Өйткені ауыл шаруашылығы таусылмайды, қазақтың ұлттық менталитетіне жақындау деп айтуға болады. Екіншіден мұнай өнімдерін шикі өнім ретінде экспортқа шығарып жатқан мемлекет болғандықтан,экономикалық жағынан ұтылып отырмыз. Шикі мұнайды, темірді т.б қазбаларды экспортқа шикізат ретінде емес, дайын өнім ретінде шығаруға мүмкіндік алатын болсақ экономиканың екінші бір тың серпіліс ашылуына мүмкіндік береді. Дайын өнімді шығаруға қатысты жаңадан химия өнеркәсібі, технологиялар, инновациялық бағыттағы кәсіпорындардың автоматты түрде дамуына мүмкіндік аламыз. Үшіншіден, туризмді кіріс саласына айналдыруға мүмкіндік беру қажет. Өйткені туризм бізде маусымдық сипатқа ғана ие. Туризмнің дамуына кері әсерін тигізіп жатқан инфрақұрылымның артта қалуы. Сол салаға салып жатқан қаражаттың болмауы және ақпарттың аздығы, - деді ол.

Экономист Бауыржан Ысқақов елдегі кәсіпкерлерді қолдау да ел экономикасына ерекше үлес қосатынын айтты.

Біздегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру керек. Отандық тауар өндірушілердің үлесіне ерекше көңіл бөлу қажет,-дейді спикер.

Өзгелердің жаңалығы