Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы жылдары облыста аудан шаруалары ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыру мақсатында мақта егістігінің көлемін едәуір азайтуға күш салып жатыр. Яғни, көктемде ерте өнім беретін қырыққабат, баклажан, болгар бұрышы секілді дақылдарды өсіруге бейімделуде.
Бұл өз кезегінде сәуір айының ортасында алғашқы өнім алып, көл-көсір пайдаға кенелуге болады деген сөз. Сондай-ақ, бұл үрдіс бір жерден екі рет өнім алуға өзіндік септігін тигізеді.
Түркістан облысы Жетісай ауданында бүгінде 178 мыңнан астам халық тұрады. Халықтың негізгі күнкөрісі – ауыл шаруашылығы. Ауданның жалпы егістік көлемі – 77 274 га жерді құрайды. Мұнда мақта дақылынан бөлек, бақша, көкөніс, жеміс-жидек және ерте көктемгі дақылдар өсіріледі.
«Биылдың өзінде аудан шаруалары 78 мың гектарға жуық егістік жерге егін екті. Оның 45 мың гектарын мақта дақылы құрайды. Қазірдің өзінде жетісайлық шаруалар 15 мың гектарға жуық егістік алқапқа ақ алтын дәнін сеуіп үлгерді. Аудан диқандары бір күнде 2635 гектар жерге мақта егуде. Сондай-ақ, ауданда 13 813 гектарға жуық егістік жерге бақша дақылдары егілді. Атап айтсақ, 8771 гектарға пленканың астына егілген қауын және 4135 гектар жерге қарбыз дәні себілген. Бұлар екі айда пісіп қалады. Бұдан бөлек, 742 гектарға ашық қауын мен 165 гектарға қарбыз отырғызылған», - деді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Абуов.
Сондай-ақ, ауданда 2451 гектар жерге жаңа жоңышқаның түрі егілген. Ескі жоңышқалы алқап 3052 гектарды құрайды, бүгінде соның 1535 гектары орылды.
Айта кетейік, жетісайлықтар биылғы жылдың ерте көктемінде 1022 гектар алқаптан 35816 тоннаға жуық қырыққабат өнімін алды. Бірқатар көкөністердің алдыңғы легі солтүстік аймақтар мен Ресейге жөнелтіліп үлгерді.