Ауыл мен қала: Ортақ мүдде, ортақ даму

 «Ауыл» партиясы 14 Тамыз 2026, 16:15
14 Тамыз 2026, 16:15
146
Фото: «Ауыл» партиясы

«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасының басты ұстанымы - ауыл мен қаланы бөлек қарамай, бір-бірін толықтыратын тұтас экономикалық және әлеуметтік кеңістік ретінде дамыту. Өйткені, ауылдың мәселесін қаладан, ал қаланың болашағын өңірлерден бөліп қарау мүмкін емес.

Қаладағы азық-түлік бағасынан бастап мегаполистердегі көлік кептелісіне дейінгі көптеген мәселенің түп-төркіні өңірлердің дамуымен сабақтас. Ауыл әлсіресе – қалаға көші-қон күшейеді. Өндіріс пен логистика жолға қойылмаса – дүкендегі баға өседі. Шағын қалалар мен аудандарда жұмыс болмаса – жастар үлкен қалаларға ағылып, ондағы мектепке, ауруханаға, тұрғын үй мен инженерлік желілерге түсетін салмақ артады.

Сондықтан «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі ұстанымдардың бірі – «Қуатты өңірлер – қуатты орталық». Бұл қағида ауылды қалаға қарсы қоюды емес, екеуінің дамуын бір арнаға тоғыстыруды көздейді.

Ауыл мен қаланың байланысы, ең алдымен, күнделікті дастарқаннан көрінеді. Нан, сүт, ет, көкөніс пен басқа да азық-түліктің артында ауылдағы еңбек тұр. Бірақ өнім өндірушіден тұтынушыға жеткенше бірнеше делдалдың қолынан өтіп, тасымалдау мен сақтау шығындары қосылған сайын оның бағасы да өседі.

«Ауыл» партиясы осы аралықты қысқартуды ұсынады. Бағдарламада қалаларда отандық өндірушілердің өнімін тікелей сататын кооперативтік дүкендер желісін дамыту қарастырылған. Мұндай тетік қос тарапқа да тиімді: фермер тұрақты өткізу нарығына ие болады, ал қала тұрғыны сапалы өнімді қолжетімді бағамен сатып алады. Осы мақсатпен ірі қалалар мен облыс орталықтарының айналасында азық-түлік белдеулерін қалыптастыру мәселесіне де басымдық берілген. Өнімді өсіретін шаруашылық, оны сақтайтын қойма, тарату орталығы және сауда нүктесі бір жүйеге біріктірілсе, тасымал шығыны азайып, маусымдық тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік туады.

Қазақстандағы ірі қалалар соңғы жылдары ішкі көші-қонның қысымын анық сезініп отыр. Адамдар жұмыс, білім, медицина және жақсы тұрмыс іздеп мегаполистерге көшеді. Нәтижесінде  қалаларда тұрғын үйге сұраныс артады, мектеп пен балабақша жетіспейді, жолдағы көлік көбейеді, коммуналдық және инженерлік желілердің жүктемесі ұлғаяды.

Бұл мәселені тек жаңа мектеп, жол немесе тұрғын үй салумен шешу жеткіліксіз. Оның себебіне үңілу керек. «Ауыл» партиясының ұстанымы осыған саяды: азамат туған жерінен жақсы өмір іздеп кетуге мәжбүр болмауы тиіс. Егер аудан мен шағын қалада тұрақты жұмыс, сапалы мектеп, қолжетімді медицина, интернет, жақсы жол және кәсіп бастауға мүмкіндік болса, адамның таңдау аясы да кеңейеді. Ол ауылда қалуды да, қалаға көшуді де қажеттіліктен емес, өз қалауымен шешеді. Сондықтан, «Ауыл» партиясының бағдарламасында өңірлік инфрақұрылымға бөлінетін қаржыны арттыру, автомобиль жолдарын сапалы күтіп ұстау, инженерлік желілерді жаңғырту және цифрлық қызметтерді кеңейту қарастырылған.

Сонымен бірге партия қалаға қоныс аударған азаматтарды қоғамнан шет қалдырмау қажет деп санайды. Бағдарламада жаңа ортаға бейімделу, жұмысқа орналасу, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу және қала өміріне толыққанды араласу мәселелері де қамтылған. Партия қалаларда цифрлық хабтар мен коворкингтерді дамытуға, мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді етуге де назар аударады.

Өңірлерден жастардың кетуінің бір себебі – сапалы білім мен жақсы жұмысты тек ірі қаладан табуға болады деген түсінік. Мұны өзгерту үшін білім беру жүйесін еңбек нарығымен жақындастыру қажет.

«Ауыл» партиясы мектептерде жұмыс берушілермен бірлескен бейіндік сыныптар мен оқу-өндірістік бағыттарды дамытуды ұсынады. Бұл жасөспірімге мамандықты тек диплом алар кезде емес, мектеп қабырғасынан бастап саналы таңдауға мүмкіндік береді. Студент жастарға еңбек тәжірибесін жинауға жағдай жасау, елді-мекендер мен қалаларда спорттық және шығармашылық кеңістіктер ашу да осы саясаттың бір бөлігі.

Мәселе жастармен ғана шектелмейді. Цифрландыру жедел жүріп жатқан кезеңде егде жастағы азаматтар да жаңа қызметтерден тыс қалмауы керек. Сондықтан олардың цифрлық сауатын көтеру – мемлекеттік қызметті пайдалану ғана емес, интернет алаяқтарынан қорғанудың да маңызды жолы.

Қай өңірде тұрса да, жас отбасының алдында ұқсас мәселелер бар: баспана, тұрақты табыс, баланың білімі мен қауіпсіздігі. Сондықтан, партия жас отбасыларға, жас мамандар мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған қолжетімді тұрғын үй тетіктерін кеңейтуді маңызды деп санайды.

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, жастардың еңбекке араласуына жағдай жасау, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік те бағдарламаның әлеуметтік бағыттарының қатарында.

Ауыл өндірген өнім қалаға керек. Қаладағы ғылым, технология, қаржы мен нарық ауылдың дамуына қажет. Өңірдегі жұмыс орны мегаполистегі көші-қон қысымын азайтса, дамыған қала бүкіл ел экономикасын алға сүйрейді.

Сондықтан, «Ауыл» партиясының жаңа бағдарламасы тек ауыл шаруашылығына арналған құжат емес. Онда азық-түлік бағасынан тұрғын үйге, жолдан цифрландыруға, жастар саясатынан экологияға дейін азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелер қамтылған. Партияның ұстанымы қарапайым: адамның мүмкіндігі оның ауылда немесе қалада тұруына байланысты болмауы керек.

«Ауыл» партиясы үшін ауыл мен қала – мемлекеттің бірін-бірі толықтыратын қос тірегі.

Айта кетейік, шығарған ұйым: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тапсырыс беруші: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Төленді: «Ауыл» партиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлау қорының қаражаты есебінен.

Наверх