Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін 2023 жылы 3,5 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Ауыл аманаты» жобасының І кезеңінің іске асырылу барысы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері және аудан әкімдері қатысты.
Бұған дейін хабарланғандай, ауыл халқының табысын арттыру мақсатында іске асырылған жобаның I кезеңіне 12 аудандағы 24 ауылдық округтің тұрғындары қатысуда. Олар құс және өсімдік шаруашылықтарын дамытуға, кооперативтерді жабдықтауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 2772 жобаны жүзеге асыратын болады. Өткен жылдың желтоқсан айында «Ауыл аманаты» жобасын қаржыландыруға 3 млрд. теңге бөлінді.
Біз бірнәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Басты мақсат – ауыл тұрғындарына қолдау көрсету, оларды жұмыспен қамту, табысын арттыру. Бұл ең өзекті мәселелердің бірі, оны шешсек, біз ауылдан халықтың көшуі мәселесін шеше аламыз. Мемлекет басшысының алға қойған міндетіне сәйкес, әрбір ауылдық округ әкімінің, әрбір аудан әкімінің жоба аясындағы жұмыстары статистикалық есептер негізінде емес, нақты нәтижелерге сүйене отырып бағаланатын болады, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, I кезең аясын кеңейту мақсатында жобаға қатысатын ауылдық округтер санын арттыру туралы шешім қабылданды. Жеңілдетілген қарыздың шекті сомасы шамамен 8,6 млн теңге, (2,5 мың АЕК дейін), ал кооперацияны дамытуға - 27,6 млн теңгені (8 мың АЕК дейін) құрауы мүмкін. Ақтөбе облысындағы жобаның ерекшелігі мал шаруашылығын дамыту үшін ірі шаруа қожалықтары есебінен тауарлық несиелер беру болып отыр. Бүгінгі күні 19 шаруашылық есебінен 38 жеке қосалқы шаруашылыққа 577 бас мал берілді. Шаруалар тауарлық несиеге берген малын ақшалай емес, төл есебінен қайтарады. Жоба аясында несие алушы жеке қосалқы шаруашылықтар ауылшаруашылық өндірістік кооперативтеріне бірігу арқылы қызметін жүзеге асырмақ. Бүгінде 12 ауданнан құрамында 155 қатысушысы бар 27 кооператив тіркелді. Облыс әкімінің тапсырмасымен ауыл тұрғындары құс және басқа да бағыттар бойынша шаруашылық негіздерін оқиды, қажетті кеңестері бар әдістемелік материалдармен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, жиын барысында ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеуге қатысты мәселе қаралды. Құжат аясында 315 елді мекенде әлеуметтік-экономикалық даму, ауыл шаруашылығын дамыту, инженерлік инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешілетін болады. Әр ауылға облыстық басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері қатарынан жауапты адамдар бекітілген. Олар «Ауыл аманаты» жобасын халыққа түсіндіріп, бағдарламаның іске асырылуын бақылауы тиіс.