"Ауыл аманаты" жобасы арқылы биыл 35 мыңнан аса жұмыс орны құрылмақ

1 Ақпан 2024, 12:19
457
Бөлісу:
"Ауыл аманаты" жобасы арқылы биыл 35 мыңнан аса жұмыс орны құрылмақ
Фото: Primeminister.kz

"Ауыл аманаты" бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Primeminister.kz сілтеме жасап.

Жиынға жауапты министрліктер, "AMANAT" партиясының өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Биыл ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаға қазынадан 100 млрд теңге қарастырылып отыр. Оған өңірлерде 15 мыңнан аса жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде мал мен өсімдік шаруашылығы, кооператив құру және азаматтардың жеке кәсібін ашуға арналған бастамалар бар.

Ең негізгі индикатордың бірі – ауылдықтарды жұмыспен қамту. Аймақтардың ұсынған мәліметтеріне сай биыл "Ауыл аманаты" аясында 35 мыңнан аса жұмыс орнын құру көзделген.

Жобаға қатысты сарапшылардың қатысуымен бірнеше кеңестер өткен болатын. Онда бағдарламаны нәтижелі іске асыруға арналған бірқатар ұсыныстар қарастырылды. Мәселен, бағдарлама аясында малды ұйымдасқан шаруашылықтардан ғана сатып алу мүмкіндігі, типтік жобаларды қолдану, жылыжайлар қатарын көбейту және т.б. Өтінім берген азаматқа несие бермес бұрын, оның өндіретін өнімін өткізу жағын қарастыру қажеттігіне баса назар аударылған болатын. Жобаларды жүзеге асыру кезінде әр өңір өзінің ерекшелігін ескеруі тиіс.

Берілетін шағын несиелер арқылы азаматтарымыз тұрақты табыс көзіне қол жеткізуі шарт. Меженің орындалуы тұрғындардың міндетті әлеуметтік төлемдері арқылы бақыланатын болады. Сондықтан аймақ басшыларының жауапты орынбасарлары осыған ерекше назар аударуы тиіс. Ауыл әлеуетінің артуы – біздің жұмысымыздың негізгі нәтижесі болмақ, — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Өзгелердің жаңалығы