«Ауыл аманаты». 658 млн теңгеге 183 өтінім берілді

29 Тамыз 2023, 14:47
922
Бөлісу:
«Ауыл аманаты». 658 млн теңгеге 183 өтінім берілді
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Қарғалы ауданына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Петропавл ауылының тұрғыны Дельфуза Бекназарова «Ауыл аманаты» жобасымен 8,5 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Қаражатқа сүт өңдеу цехын ашты. Шикізатты ауылдастарынан сатып алуда. Көпбалалы ананың айтуынша, сатып алынған жабдық күніне 350 литрге дейін сүт өңдеуге мүмкіндік береді. Құрт, май, қаймақ және т. б. шығаруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, былтыр Бекназаровтар отбасы «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өтіп, нәтижесінде бүгінде табысты жұмыс істеп тұрған дөңгелек жөндейтін цех ашу үшін 1,2 млн теңгеден астам сомаға грант ұтып алды.

Өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың тауарлары қойылған көрмеге де барды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру - ел Президентінің тапсырмасы. Ақтөбе облысында бүгінде ішкі өндіріс есебінен азық-түліктің 45 түрімен қамтамасыз ету 1%-дан 69%-ға дейін құрайды. Жетіспейтін бөлігін сырттан жыл сайын 150 млрд теңгеге сатып аламыз. Бұл ретте біз өзімізді осы өнімдермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Бұл жобаның мақсаттарының бірі - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұған дейін ауыл шаруашылығына бөлінген барлық қаржы ірі өндірушілерге бағытталып келді, олар жұмыс орындарын ашып, ауылшаруашылық өнімдерін толығымен қамтамасыз етеді деген үміт болды, бірақ олай болмады. Сондықтан қазір әрбір отбасыға, жеке аулаларға назар аударылуда, - деді Ералы Тоғжанов көрмені аралау барысында.

Степное ауылдық округінің әкімі Гүлмайра Нұридилова жобаға халық тарапынан қызығушылық тұрақты түрде артып келе жатқанын алға тартты.

Жоба алғаш басталған кезде халық түсінген жоқ. Кейін, несие алып, ісін бастап, шаруасын дөңгелеткенде ғана ауыл тұрғындары қызығушылық таныта бастады. Бұл көрмеден қандай жетістіктерге, нәтижелерге қол жеткізгенімізді айқын көре аласыз. Осындай бағдарлама үшін рахмет. Қазір ауылдар табиғи өнімдер, өздері шығарылатын өнімдер есебінен қамтамасыз етілуде, - деп атап өтті Нұридилова.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Қарғалы ауданында жалпы сомасы 658 млн теңгеге 183 өтінім берілді. 150 жоба қаржыландырылып, іске асырылды, олардың үштен екісі құс шаруашылығын дамытуға бағытталған. Сондай-ақ 12 жаңа жылыжай, ірімшік, ашытылған сүт және лимонад цехтары, омарта, бірнеше наубайхана және басқа да шағын бизнес субъектілері ашылды. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы