Аутизмге шалдыққан балаларды диагностикалаудың жайы қалай

7 Тамыз 2024, 16:47
733
Бөлісу:
Аутизмге шалдыққан балаларды диагностикалаудың жайы қалай
Фото: автордан

Ертіс өңірінде ерекше балалардың ата-аналары мүгедектігі бар жеткіншектердің ауруларына диагностика жасаудың арнайы жүйесін әзірлеуді сұрайды. Себебі, мүгедектігі бар ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған азаматтар балаларының ауруларын анықтау кезінде көптеген қиындыққа тап болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Менталды ауытқушылықтары бар балалардың ата-аналары жергілікті денсаулық сақтау мекемелеріне шағым түсірді. Олардың айтуынша, кей кездері бала шалдыққан ауруды анықтау мүмкін емес. Себебі, аутист-балалар даму ерекшеліктеріне байланысты қай жері сырқаттанғанын жеткізе алмайды. Ал дәрігерлер көбінесе «Бұл – маусымдық асқыну» деп қысқа қайырып, психиатрдың көмегіне жүгінуге кеңес беріп жатады.

Әлия Мұратова – ерекше баланың анасы. Өткен жылы ұлы Тагирдың денсаулығы сыр беріп, ауырып қалған. Жеткіншек айқайлап, жылай берген. Түн ұйқысын төрт бөлген ана Тагирдың ауруын анықтау үшін бес айлық уақыт жұмсаған.

Сәуір айында балам жылай берді. Кейін ФГДС зерттеуінен өтіп, «хеликобактериоз» сараптамасын тапсырдық. Тексерулердің барлығы наркоздың көмегімен өткізілді. Нәтижесінде балама «катаралды гастрит» диагнозы қойылды. Яғни, нақты ауру анықталды. Бұны қазір емес, бес ай бұрын анықтауға болар еді. Дегенмен, облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері Тагирдың жағдайы мен кереғар мінезін көктем мезгілімен байланыстырып, «аутизм асқынуы» деген байламға келді. Ақ желеңділер консилиум өткізіп, кездесуге психиатрды да шақырды. Біз кейін астаналық маманның көмегіне жүгіндік. Балама нейролептикалық препараттарды ішуге кеңес берді. Бірақ, бұл дәрі-дәрмектің көмегі шамалы болып шықты. Препаратты ішуді тоқтатқан соң баламның жағдайы жақсарды, - дейді Әлия Мұратова.

Осы тектес мысалдар жетіп артылады. Дәрігерлердің айтуынша, бастапқыда наркоздың көмегімен ФГДС зерттеуін өткізуге рұқсат берілмеді. Себебі, сол уақытта бесінші наркоз болар еді. Сондықтан Тагирдың анасына баланың асқорыту жүйесін бір айдан соң тексеруге кеңес берілді. Бірақ, зерттеу жуық арада ғана жасалып, ем-дом шаралары тағайындалды. Дәрігерлердің де айтары бар.

Ұл бала облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімінде 26 наурыз және 1 сәуір аралығында жатты. Алдымен ана Тагирдың басы ауырып жатыр деп топшылап, оған наркоздың көмегімен бас миының магнитті-резонансты томографиясы жасалды. Кейін сегізкөз бен жамбас аумағына да МРТ зерттеуі жүргізілді. Бұл жолы да наркоз қолданылды. Осылайша, неврологиялық патология бойынша күдік жойылып, кішкентай науқас кардиологиялық бөлімшеге ауыстырылды. Онда кардио-ревматологиялық патология анықталмады. Сәуірдің бесі күні сол жақ тобықпен оң жақ тобық буындары бөлек-бөлек МРТ зерттеуінен өткіздік, - дейді облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ирина Орсагош.

Ата-аналардың жанайқайына менталды ауытқушылықтары және мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсетумен айналысатын «Алтын бата» қоғамдық ұйымының өкілдері назар аударды.

Үкіметтік емес ұйым төрайымы Евгения Стельваганың айтуынша, отандық дансаулық сақтау саласына менталды ауытқушылықтары бар азаматтарға диагностика жасаудың нақты механизмі қажет.

Аутизм біздің елде ғана емес, әлемде аз зерттелген жүйке жүйесінің ерекшелігі екені белгілі. Сондықтан, балаға диагностика жасау кезінде өміріне қауіп төнуі мүмкін. Мәселен, бірнеше жыл бұрын көрші елде аутизм спектрі бұзылған жасөспірімге «көктемгі асқыну» диагнозы қойылып, нейролептикалық дәрілер тағайындалған. Бірақ, бала перитониттен көз жұмды. Сондықтан, мүгедектігі бар жеткіншектерге диагностика жасау бойынша нақты жүйе, механизм әзірлеу керек. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ағзасына зиян келтірмей, сырқаттанудың себебін аз уақытта анықтау маңызды. Емшара неғұрлым тез басталса, бала соғұрлым тез сауығып кетеді, - дейді Евгения Стельвага.

Осы жайт туралы естіген соң қоғамдық ұйым басшысы облыстық аурухананың басшылығымен кездесіп, балаға көмек көрсетудің тиімді стратегиясын әзірлеуді талқылады. Бала гастроэнтерологтің қабылдауында болды. Қазір Тагирдың жағдайы жақсарды.

Талқылау барысында балалар ауруханасының мамандары бұдан былай Алматы қаласындағы балалар хирургиясы және педиатрия ғылыми орталығының гастроэнтеролог-дәрігерлермен онлайн-кеңес өткізіп отыруға уағдаласты.

Сарапшылардың айтуынша, Тагирдың анасы тап болған қиындық саладағы жүйелі мәселенің барын тағы бір мәрте дәлелдейді. Бүгінде бұл мәселеге бейжай қарамаған азаматтар мен мамандар ұсыныстарын салалық мемлекеттік мекеме өкілдеріне жеткізген.

Еске сала кетсек, бұған дейін BAQ.KZ тілшісі аутизм диагнозы қойылған балалардың стоматологиялық қызметке деген қолжетімсіздігі мәселесін көтерген еді. Өйткені, ерекше балалардың тісін емдеу үшін жалпы наркоз қажет етіледі. Қөп жыл бойы айтылып келген қоғам проблемасы шешілді. Облыс орталығында менталды ауытқушылықтары бар жеткіншектерді наркозбен емдейтін кабинеттер ашылды. Бұдан былай мүмкіндігі шектеулі балалар МӘМС шеңберінде тегін ем қабылдай алады. Стоматологиялық кабинетте тіс дәрігерімен қатар хирург, реаниматолог пен анестезиолог маман жұмыс істейді. Бұл мекемені медициналық құралдармен жабдықтауға 200 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

Павлодар облысында «аутизм спектрінің бұзылуы» диагнозы қойылған 503 бала бар. Ал әлем бойынша 160 адамның біреуінде аутизм диагнозы қойылған. Өкінішке қарай, дертке шалдыққан балалар саны жыл санап артып отыр. Елімізде соңғы жылы аутизм спектрі бұзылған 9 мыңнан астам жеткіншек тіркелген. Ал өңірде екі жыл бұрын аутизм спектрінің бұзылуы анықталған 355 бала болса, 2023 жылдың соңында олардың саны 500-ден асты. Яғни, өсім 40%-тен асып отыр. Осындай диагноз қойылған бала қоғаммен байланыс орта алмайды, тек қоршаған ортаны басқаша қабылдайды. Сондықтан, аутизмді емдеу әдістері дәрілік ем емес, олар мінез-құлық, білім беру, психологиялық және әлеуметтік араласуды қамтитын кешен болуы керек. Елімізде арнайы клиникалық хаттама бекітілген.

Айта кетейік, облыс орталығында мүгедектігі бар жастарды қолдау мақсатында ақпараттық-ресурстық орталық ашылған. Жобаның мақсаты – қоғамды мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары, ем-дом алу бойынша ақпарат беріп, барынша қолдау көрсету. Жобаға жауаптылар Павлодар қаласынан бөлек аудан-ауылдарды аралап, ақпарат тарату және кеңес беру жұмыстарын қолға алған.

Өзгелердің жаңалығы