Әулиеатада үш әйел әкім сайланды – Жамбыл облысы

26 Шілде 2021, 17:52
2145
Бөлісу:
Әулиеатада үш әйел әкім сайланды – Жамбыл облысы

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлау процесі мәресіне жетті. 111 кандидаттың ішінен 38 әкім халық таңдауына ие болды. Олардың 13-і қайтадан сайланса, қалғандары бұл лауазымға жаңадан кіріспек.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, сайлау округтері бойынша сайлаушылар тізіміне 104 391 азамат енгізілген. Олардың ішінде 94 642-сі, яғни 90,66%-ы дауыс беруге қатысыпты.

Жамбыл облысы бойынша 89 сайлау учаскесінде саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың 651 байқаушысы, БАҚ өкілдері сайлау процесін жіті бақылап отырды. Әкім лауазымына тағайындалғандардың 31-і «Nur Otan» партиясынан ұсынылса, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясының 1 кандидаты жеңіске жетті. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан да 1 үміткерді халық таңдады. «ADAL» мен Қазақстан халық партияларының бір-бір кандидаттары ауылдық округ лауазымдарына сайланды. Өз-өздерін ұсынғандардың ішінен 3 азамат елге қызмет ететін болады, - деді Серғали Өмірзақұлы.

Ол сайлау қорытындылары туралы хабарламалар аудандық сайлау комиссияларының интернет-парақшаларында орналастырылғанын және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанын да атап өтті. Саяси науқан барысында ешқандай құқықбұзушылық тіркелмеген. Тек жекелеген блогерлер тарапынан әлеуметтік желілерде шағымдар айтылған. Оларға жауапты мамандар дер кезінде түсініктемелер берді.

Олардың дені сайлаушыларды арнайы көліктермен тасыды деген сыңайдағы пікірлерін айтуда. Жексенбі күні күн райының 40 градустан жоғары болғаны мәлім. Біз сондай қолайсыз күні учаскеден қашық тұратын сайлаушыларға жағдай жасадық, - деді спикер.

Сайлауда дауыс бергендердің ең жасы үлкені – меркілік 101 жастағы қария Жамбылгүл Ахметова екен. Ол Андас батыр ауылдық округіндегі №297 сайлау учаскесі арқылы үйінде дауыс берді. Талас ауданының 98 жастағы тұрғыны Сәрсекүл Төребекова да Бостандық ауылдық округінің Талапты ауылындағы №393 учаске бойынша үйінен таңдау жасапты. Мойынқұмдық Серік Абдикеримов 83 жаста екен, Көкжелек ауылындағы №310 учаскеге келіп дауыс берген. Сол сияқты, Жамбыл ауданының 92 жастағы тұрғыны Кенен Тұткышбеков саяси науқанға белсене қатысқан.

Сайланған әкімдердің орташа жасы 43,2-ні құрайды. Ең жас әкім Т. Рысқұлов ауданының Жаңатұрмыс ауылдық округіне сайланды. Ол – 28 жастағы Қуандық Ерсайын. Ең жасы үлкені – 60 жастағы Бақыт Садырбаев, Жамбыл ауданының Жамбыл ауылдық округіне сайланды. Барлық әкімдер енді төрт жыл бойы халыққа қызмет етеді. Олардың заң аясында әр сала бойынша 57 функционалдық міндеттері бекітілген. Егер әкімдердің жұмысы тұрғындарға ұнамай қалған жағдайда, жергілікті мәслихат депутаттарының шешімімен орынтақтарын босатады, - деді Айдапкелов.

Ауылдық округтерге сайланған 38 әкімнің үшеуі әйел азаматтар екен. Олардың бірі Жамбыл ауданындағы Ақбастау ауылдық округіне сайланса, екіншісі Жуалыдағы Қарасазға, үшіншісі Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылына сайланған.

Өзгелердің жаңалығы