Ауладағы алаңнан – әлемдік аренаға дейін

30 Қараша 2022, 22:58
1479
Бөлісу:
Ауладағы алаңнан – әлемдік аренаға дейін

Жамбылдық спортшылар табандылық пен еңбектің арқасында кез келген арманның орындалатынын өз еңбектерімен көрсетіп жатыр. Бұл жөнінде BAQ.KZ тілшісі баяндайды.

Футбол ең танымал спорт түрлерінің бірі екені сөзсіз. Бұл ойынға келгендердің көбісі доп тебуді бала кезінен бастаған. Олардың дені өскенде кәсіби футболшы болуды армандайды. Көп жағдайда балалық шақтағы арман арман күйінде қала береді, дегенмен спортқа деген сүйіспеншілік жойылмаса да, ретін тауып жасыл алаңнан табылатындар көп-ақ. Ал мұны бұқралық спорт деген дұрысырақ-шығар.

Ал біздің кейіпкеріміз өзінің қалаған нәтижесіне қол жеткізе алды. Әңгіме «Тараз» футбол клубының қақпашысы, талантты спортшы Жорахон Бабаханов туралы болмақ.

Жорахон Бабаханов Тараз қаласында туып-өскен. Бала кезінде «Тараз» футбол клубының ойындарына жиі келетін, ойыншылардың өнерін бар ынта-шынтасымен тамашалайтын. Кішкентай Жорахонның бойына футболға деген сүйіспеншілікті атасы оятып, матчтарға жиі ертіп жүретін. Стадионға келу мүмкін болмаған кезде спорсүйер бала соғылған голды жариялаған комментатордың дауысын еститін. Өйткені, оның отбасы да стадионнан алыс емес аумақта тұратын. Естіген сайын «Мен де бір күні футболшы ретінде алаңға шығамын» деп ойлайтын.

Бірақ Жорахон Бабаханов футбол үйірмесіне бірден бара салған жоқ. Әуелі ата-анасы баланы таэквондоға, кейін дзюдоға берді. Әр спорт түрімен бір жарым жылдан айналысты. Алайда, ол спорт түрлері оған ұнамады, ақыры футболға деген сүйіспеншілігі жеңіп, стадионнан табылды. Жорахон бұл спорттағы алғашқы қадамын қатарластарынан кеш бастады.

Әкем мені 13 жасымда үйірмеге алып барды. Алғашқы бапкерім Джафар Мурадов еді, – дейді Жорахон. – Жаттығуларымыз №27 М.Мәметова атындағы орта мектепте өтетін. Алғашында оң жақтағы қорғаушы болып ойнадым. Бірде команданың қақпашысы жаттығуға келмей қалды, біз кезекпен қақпаға тұрдық. Орнымнан тұрып, бір соққыны, кейін екінші соққыны қайтара алдым. Бапкеріме доптың артынан секірген кездегі ұшқан сәтім ұнады. Мұны көрген бапкер маған қақпа алдында тұруды ұсынды. Мен «Қолғап бересіз бе?ә деп сұрадым. Көп ұзамай маған алғашқы қолғабымды берді. Содан бері мен қақпашы болып ойнап келемін.

Маңдай тер мен көп күш-жігер жұмсалған жаттығулар ақыры оң нәтижесін бере бастады. 2006 жылы Жорахонның командасы облыс біріншілігінде жеңіске жетіп, республикалық біріншілікке қатысушы болуға мүмкіндік алды. Сол кезде Семейде өткен турнир жасөспірімнің спорттық өміріндегі ең есте қалатын оқиғаға айналды. Өйткені, Жорахонның бұл өлкеден алғаш шығуы еді. Жаңа қала, жаңа алаң, бұрын белгісіз қарсыластар – мұның бәрі жас қақпашының жадында ұзақ уақытқа қалды. Ел біріншілігінің қорытындысы бойынша оның командасы үшінші орынды қанжығалады.

Үш жылдан кейін спортшы жігіт «Тараз» футбол клубының қосалқы командасына түсу үшін ең дарынды спортшылар іріктеліп алынған жаттығу клубында ойнауды жалғастырып, Қазақстан чемпионы атанды. Соның арқасында Жорахон спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады.

2010 жылы болашағынан зор үміт күттіретін жас қақпашы «Тараз» футбол клубымен кәсіпқой спортшы ретінде келісімшартқа отырып, команданың қосалқы құрамында ойнау мүмкіндігіне ие болды. Онда үш жыл ойнап, 2013 жылы негізгі құрамға алынды. Жорахон негізгі құраммен жаттыға жүріп, қосалқы матчтарда ойын тәжірибесін жинақтады.

Бір жылдан кейін қақпашы Тараздың негізгі сапында және сырт алаңда алғашқы ойынын өткізді.

Ол күн әлі күнге дейін есімде. Ойынға бір апта қалғанда бапкер маған: «Дайындал, Қостанайда «Тобылға» қарсы ойнайсың» деді. Мен бір апта бойы ешқайда бармадым, күндіз-түні тек матчқа дайындалумен болдым. Матчтың алдындағы түнде де дұрыс ұйықтай алмадым, ертең болатын ойын туралы ойладым. Ойын уақыты жақындаған сайын қобалжыдым, жүрегім өрекпи берді. Бастапқы ысқырық соғылғанда, мен ойынға толықтай жұмылдым десем де болады. Манағы мазасыздығым да кетті. Өкінішке қарай, сол кездесуде 1:0 есебімен жеңіліп қалдық, - деп естеліктерімен бөлісті тараздық қақпашы.

2014 жылғы маусымда Жорахон 14 кездесу өткізді. «Тараз» сапында екі маусым ойнаған Ж.Бабаханов футболдан резиденциясын ауыстырып, басқа қазақстандық клубтарда бағын сынауды ұйғарады. Ұсыныстар көп болды, бірақ соңында Көкшетаудың «Оқжетпесіне» ауысуға бел буды.

Команданың жаттықтырушысы Владимир Муханов маған телефон соғып, өздерінде ойнауға шақырды. Артынша қақпашылар бапкері, Олимпиада чемпионы Алексей Прудников телефон соқты. Екеуі де мені өз командасында көргілері келетіндерін айтты. Мен баруға тырысамын деп жауап бердім, солай шештім де. Онда менен басқа сербиялық Саша Стаменкович пен қазақстандық Руслан Әбжанов сияқты керемет қақпашылар ойнады. Бұл мен үшін өте жақсы маусым болды, - деді Жорахон.

«Оқжетпес» клубында ойнаған Жамбыл футбол мектебінің тәрбиеленушісі кейін өзін танытқан клубқа қайта оралуды ұйғарады. Бұл шешімді қабылдауына 1996 жылы Таразды чемпиондық атаққа жетелеген Ваит Талғаев әсер етті. Содан бері Жорахон өзінің туған клубында тұрақты ойнап келеді.

2022 жылғы футбол маусымы аяқталды, енді тәжірибелі қақпашы командадағы басқа ойыншылар сияқты келесі жылы өзінің ең жақсы қасиеттерін тағы бір рет көрсетуге күш жинап жатыр.

Өзгелердің жаңалығы