Ақтөбе облысында үш жаңа аурухана ашылады

30 Қараша 2022, 22:38
1180
Бөлісу:
Ақтөбе облысында үш жаңа аурухана ашылады
Фото: автордан

Алдағы уақытта Ақтөбе облысында үш жаңа аурухана ашылып, ауылдық жерлерде 29 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысаны салынады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният БАҚ өкілдеріне өткізген брифинг кезінде айтып берді. 

Биыл елімізде 12 нозология бойынша аурудың төмендеуі байқалады, оның ішінде коронавирус инфекциясымен сырқаттану көрсеткіші 38 пайызға төмендеді. Биылғы он айдың қорытындысы халықтың 83,6 пайызы немесе 1,6 миллион адам алдын алу шаралары аясында екпе салдырған. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында вакцинациялауға жататын халықтың ішінде 249 мың адам екпе алды. Облыста ревакцинация салу шараларымен халықтың 78 пайызы қамтылды. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 8 пайызға жоғары, — деді министр. 

Ажар Ғинияттың айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында 325 медициналық-санитариялық алғашқы көмек беру нысаны жұмыс істейді. Бұл – бүкіл республиканың медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының 5,7 пайызы. Қазір елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру үлесін денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 60%-ына дейін жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл бұл көрсеткіш 55%-ға жетіп отыр. 

Келер жылдары өңірлерде амбулаториялық хирургия бойынша көрсетілетін қызметтердің көлемін 1,7 есеге ұлғайту көзделуде. Сондай-ақ дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында қымбат препараттарды қоса отырып амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесі кеңейтілді. Ақтөбе облысы үшін биыл 1,2 миллиард теңге сомасына 11 қымбат препарат сатып алынып, жөнелтілді, — деді Денсаулық сақтау министрі. 

Брифинг барысында министр ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесіне кеңінен тоқталып өтті. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміз бойынша ауылдарда 5397 медициналық ұйым болса, соның ішінде 326-сы Ақтөбе облысында орналасқан. 

Бүгінде денсаулық сақтау саласы ғимараттарының тозуы республика бойынша 52,6 пайыз болса, бұл көрсеткіш Ақтөбе облысында 31 пайызды құрап отыр. Біз алдағы уақытта осы мәселені шешу бағытында жұмыстанатын боламыз. Сонымен қатар қазір бірқатар ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде проблемалар бар екені өтірік емес. Бұл мақсатта бүгінде аудандарда жылжымалы медициналық кешендер пайдаланылады. Мәселен, Ақтөбе облысында 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істесе, биыл бұлар өңірдегі 81 ауылдық мекенді қамтып отыр. Біз осы мәселеге сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын әзірледік. Біз облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек беру нысанын салу бойынша дайындық жұмысын бастап кеттік. Бұл мақсатта алдағы уақытта Ақтөбе облысындағы ауылдық жерлерде 29 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету пунктін салу жоспарланған, — деді ол. 

Министрдің айтуынша, аталған пилоттық жобаның шеңберінде республика бойынша 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана салынбақ. Оның ішінде Ақтөбе облысында 3 жаңа аурухана ашу жоспарланып отыр. Бұл нысандар Мұғалжар, Шалқар, Хромтау аудандарында салынатын болады. Бұл ауруханаларда инсульт, кардиология, реанимация және қарқынды терапия, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелері ашылмақ. 

Ажар Ғиният облыстағы ана мен бала өлімі жағдайларына да тоқталды. Мәселен, биыл облыста 16,8 мыңнан астам нәресте дүниеге келген. Он айдың ішінде облыста екі ана көз жұмған. Дегенмен ана мен бала өлімі өткен жылмен салыстырғанда биыл 5,3 есеге азайған. Сондай-ақ биыл Ақтөбе облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылып, жоба аясында 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделіп отыр. Былтыр аталған бағдарламаның көмегімен облыста 324 әйел экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама алған. Оның 129-ы бала көтерсе, 108 отбасы сәби сүю бақытына ие болған. 

Ана мен баланың саулығы — ұлт саулығы. Сондықтан біз бұл бағыттағы шараларды әрдайым назарда ұстайтын боламыз. Биыл он айда Ақтөбе облысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші 11 пайызға төмендеп отыр, — деді Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният. 

Брифинг соңында БАҚ өкілдері министрге өз сауалдарын қойды. Соның бірі — биыл қыркүйек айында Ақтөбе облысында жеке медициналық мекеме медбикесінің балалардың ағзасында туберкулездің бар-жоқтығын анықтайтын мантудың орнына тірі вакцинаны салып жіберу дерегі. 

Мен бүгін аталған оқиғаға қатысты ана-аналармен, мамандармен сөйлестім. Қазір балалардың жағдайы жақсы, ешқандай асқынулар жоқ. Ата-аналар бүгінгі кездесуде балаларға тағы да қосымша оңалту шараларын жүргізуді сұрады. Алдағы уақытта балаларға қосымша қолдаулар көрсетіліп, шипажайларда ем алуға жіберілетін болады. Ал жеке мекемеге келсек, комиссия анықтағандай, бұл ұйымда санитарлық заңдылықтар дұрыс жүргізілмеген. Бұл оқиға бойынша жауапты мекемеге қатысты материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Жалпы осындай заң бұзған жеке мекемелерді көріп, министрліктің бұйрығын дұрыс қарамады деп басқа дамып жатқан жеке медициналық ұйымдарға дақ салмауымыз керек. Қазір өңірде жақсы дамып жатқан орталықтар бар. Оларға лицензия немесе иммунопрофилактика жүргізуге рұқсат бергенде біз бақылауды күшейтуіміз керек. Ұйым жеке меншік болған соң, шағым болмаса біз тексеріс жүргізе алмаймыз. Сондықтан алдағы уақытта халық осындай мекемелердің үстінен шағым түссе, біз оларды тексере аламыз, – деп жауап берді министр. 

Өзгелердің жаңалығы