Аула сыпырушы: Біздің жұмысты қиындататын тек адамдар

25 Қыркүйек 2023, 16:18
2673
Бөлісу:
Аула сыпырушы: Біздің жұмысты қиындататын тек адамдар
Фото: автордан

Күні кеше елімізде «Еңбек күні» мерекесі өтті. Президент адал азаматқа тән қасиеттерді атап, Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынын айтқан еді. Осы ретте қала тазалығына үлес қосып жүрген аула тазалаушы Алтай Еспенбетовпен сұхбаттасқан едік.

– Аула сыпырушы болып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Жұмысымның әр күні көңілді әрі қызықты өтеді. Осы салада қызмет еткеніме 13 жыл болды. Әр бригадада 30-40 адам жұмыс істейді. Әр жұмысшының жас ерекшелігі, келген өңірі әртүрлі. Барлығымыз бір-бірімізге жанымыз ашып тұрады, бауырмалмыз.  2010 жылдан бері «Алматы тазалықта» жұмыс істеп келе жатырмын. Ол кезде жас едім, бұл салада 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеймін деген ойым болмаған еді. Жұмысым алғашқы жылдары қиын болатын. Қарап отырсам, уақыт зымырап, көзді ашып жұмғанша уақыт өтіп кетіпті. Жұмыс таңғы сағат 8-де басталады, кешкі 5-ке дейін жалғасады. Түскі тамағымызды үйден алып келеміз, жұмысшылармен бірігіп тамақтанып аламыз. Барлығымыз бір үйдің баласындай тату-тәтті уақыт өткіземіз. Бұл да жұмыстың жеңіл өтуіне септігін тигізеді. Кез-келген ауа райында болсын, төтенше жағдайда болсын техникамызбен аяқтан тік тұрамыз.

– Жұмыс барысында қандай қиындықтар болады?

– Тұрғындардың басым көпшілігі қоқысқа бей-берекет қарайды. Қоқыс жәшіктеріне салмай, аулаға лақтыра салатындарды жиі кездестіреміз. Бұл жұмыс барысын қиындатады. Біз ауланы сыпырып жүріп, әр жерде шашылған заттарды жинауға тұра келеді. Сондай кездерде адамдардың немқұрайлылығына таңданасың. Көліктерді дұрыс қоймайтын адамдар да жұмысты қиындатады. Ондай сәтте ауланы толық сыпыра алмай, келесі күні қайта келуіңе тура келеді. Сондай-ақ ауланы тазалап жүргеніңде айналаңда зуылдап жүретін самокатшылар да мазамызды алады. Жайбарақат жүрген сәтіңде қасыңнан зыр етіп өте шыққанда шошынып қаласың, кейде соқтығысып қаламыз. Бұндайда жарақат алып қалатын кездер де болады. Осы ретте адамдардың табиғатқа, аула тазалаушыларға деген құрметі болуы керек-ау деп ойлаймын. Біздің жұмысты қиындататын тек адамдар екенін түсінуге болады. 

Аула сыпырушы: Біздің жұмысты қиындататын тек адамдар

– Жылдың әр мезгілінде жұмыстарыңыз әртүрлі. Осы жайлы айта кетсеңіз. 

– Иә, біздің жұмысымыздың қарқынды болатын кезі – күз айында. Себебі жапырақтар сарғайып түсіп, қоқыс көбейеді. Ал қыс айында қарды тазалап, жол жиектерін тазартамыз. Биыл жаз айы өте ыстық болды, қыс суық болар деп топшылап отырмыз. Қар көп түскенде, жұмысымыз да қиындай түседі. Ал көктем айында гүл отырғызып, ағаштарды суғаруға ат салысамыз. Дегенмен бұл уақытта да аула тазалауды естен шығармаймыз. Қарап отырсақ, біздің әр күніміз қызық пен қиындыққа толы. Алайда сонысымен ерекше. Айлығымыз шайлығымызға жетеді. Күнделікті күнкөріс айырып, бала-шағамызды асырап отырған жайымыз бар. 

Аула сыпырушы: Біздің жұмысты қиындататын тек адамдар

– Еліміз Жапония секілді қоқыссыз елге қалай айналады?

– Меніңше, әр адам тазалықты өзінен бастаса, біз Жапония, Германия сынды елдерден оқ бойы озық боламыз. Тазалық тек ауламен шектеліп қана қоймайды. Өзінің айналасына ұқыпты қарайтын адам әр ісіне адал, тиянақты болады. Бұл елдің өркендеп өсуіне де әсер етеді. Көптеген жандар аула сыпырушыны көрсе, оны қоғамның ең төменгі табы не өмірде жолы болмаған жан санайды. Дегенмен ол олай емес. Аула сыпырушы болу үшін адамда үлкен ерік-жігер мен табандылық болуы қажет. Сол себептен бұл мамандық иелеріне де аса құрметпен қарау қажет. Сонда халықтың санасы өзгеріп, табиғатқа деген жанашырлық сезімі оянар еді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы