Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссия Қазақстанда жұмысын жалғастыра бере ме?

20 Тамыз 2021, 16:22
3209
Бөлісу:
Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссия Қазақстанда жұмысын жалғастыра бере ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин жауап берді. Кабулдан Алматыға қонған ұшақтың ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметкері болып табылатын бірнеше елдің азаматтары бар.

Біз Ауғанстанға БҰҰ Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясының (UNAMA) маңыздылығын жоғары бағалаймыз. Олар осы елдегі тұрақтылық пен тыныштықты орнатуға көмек көрсетеді. Алматыға келген БҰҰ қызметкерлерінің барлығы халықаралық қызметкерлер, БҰҰ құжатының иегерлері екендігін айтқым келеді. Соның ішінде Бас хатшының Арнайы уәкілі– БҰҰ Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясының басшысы Дебора Лайонс та бар, - деді Ақан Рахметуллин.

Алматыға жеткізілген БҰҰ қызметкерлерінің бір бөлігі жақын арада аталған ұйымның өзге мемлекеттердегі бөлімдеріне барады. Бірақ қызметкерлердің басым бөлігі, яғни 100 шақты адам Қазақстанда қалады. Осылайша, олар Алматыда UNAMA-ның (БҰҰ Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы) қашықтағы уақытша кеңсесін қалыптастырып, сол жерде жұмыстарын жалғастырады.

Миссияның қашықтағы кеңсесі жарты жылға жасалады. Дегенмен, Ауғанстандағы жағдайдың әрі қарайғы күйіне байланысты ұзартылуы мүмкін. Қызметкерлердің жүріп-тұруы, кеңсе ғимараттарын жалға алу сынды қаржылық шығындардың барлығы БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады деп отыр.

Қазақстандық тарап БҰҰ-ның қауіпсіздік және өзге де талаптарына сәйкесетін кеңсе іздеуге көмектеседі. Одан басқа, Қазақстанға БҰҰ Миссиясының келуіне байланысты халықаралық-құқықтық рәсімдеу мәселелері реттеліп жатыр.

Миссияны уақытша көшіруге таңдаудың Алматы қаласына түсуін БҰҰ басшылығы оңтүстік астананың ірі аймақтық орталық болуымен түсіндірді. Әрі мегаполисте өзге елдермен әуе жолдары инфрақұрылымы дамыған.

Бұған дейін Ауғанстаннан Алматыға БҰҰ-ның қанша қызметкері жеткізілгендігі туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы