Ауғанстан екінші Сирияға айналмас үшін Талибанмен келісімде болу керек - сарапшы

29 Желтоқсан 2023, 19:00
630
Бөлісу:
Ауғанстан екінші Сирияға айналмас үшін Талибанмен келісімде болу керек - сарапшы
Фото: pixabay.com

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, Қазақстан мен Ауғанстан арасында экономикалық байланыстар нығая түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

«Талибан» қозғалысы әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған террористік ұйым деп танылған. Бүгінгі күнге дейін бізде де солай еді. 2005 жылдың наурызында тыйым салынған ұйымның тізіміне қосқан едік. Енді оны тізімнен шығарып отырмыз. Бірден «Қазақстан билігі неге мұндай шешім қабылдады» деген сұрақ туады. Жалпы шешім БҰҰ тәжірибесіне сәйкес қабылданған, бірақ бұдан бөлек те еліміз үшін маңызға ие бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Мұндай шешім қабылдау қазіргі қалыптасқан саяси шындыққа қарап іске асты деуге болады. Қалай болғанда да, Талибан қазір Ауғанстанның билік басындағы ұйым. Ол соңғы екі жылда Ауғанстанда тұғырын бекіте түсті. Оған қарсы күштер, яғни көптеген лаңкестік топтар, саяси күштер мен Масуд жасақтары жетістікке жете алмады, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, «Ауғанстанда инклюзивті үкімет құрамын» деген Масуд жасақтары жеңілді. 

Бізге және өзгелерге Ауғанстанның инклюзивті билігімен қатынас орнату әлдеқайда тиімді болар еді, бірақ көріп отырғанымыздай билікте тәлібтер отыр. Қабылдасақ та, қабылдамасақ та факт осы. Ендеше олармен қатынас орнайды. Екі жылда бұл шешімсіз де қарым-қатынас орнаған болатын. Енді бұл шешімнің артында қандай мүдде жатуы мүмкін? Біріншіден, Ауғанстан - Орталық Азия, Үндістан мен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын көпір. Сондықтан Ауғанстанмен саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытқымыз келсе, Талибанмен ресми келіссөз жүргізуге тура келеді. Әрине, Ауғанстанды логистика-транзиттік бағыт ретінде қарастыру дұрыс. Дегенмен бұл Ауғанстандағы тыныштыққа да тікелей байланысты. 

Екіншіден, бүгінде Ауғанстанның негізгі сауда серіктесінің алғашқы қатарында Қазақстан тұр. 

Өткен жылдың өзінде екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 1 млрд долларды құраған. Сондай-ақ Ауғанстан қазақстандық бидай импорттаушыларының үштігіне кіреді. Соңғы үш маусымда Ауғанстанға елімізден 1,8 млн тоннадан астам бидай мен 3,5 млн тоннаға жуық ұн жөнелтілген. Яғни, бидайымызды одан әрі сатқымыз келсе, қайтадан тәлібтермен тіл табысуға тура келеді. Сауда қатынасында біздің үлес басым, айтылған санның 90 пайызы біздің экспортқа тиесілі. Ал өздеріңіз білетіндей сауда қатынасындағы экспорт үлесінің басым болуы аса маңызды. Ауғанның краска қосылған анар шырыны 250 теңгеден әр дүкенде тұр, 10 пайызды сол құраса керек деп қояйыншы қалжыңдап, - дейді ол.

Үшіншіден, аймақтағы тұрақтылықты сақтау біз үшін маңызды.  

Талибанмен бейбіт келісімде болу керек. Ауғанстан екінші Сирияға айналмас үшін дипломатиялық жолмен Талибанның саясатына әсер етіп, бейбіт процеске шақыруға болады. Дипломатиялық қарым-қатынас орнату — бейбіт келісімге келіп, қақтығыстардың алдын алуға болатын әдістің бірі. Тәлібтің жауы сыртта емес, іште. Қазіргі Ауғанстан қоғамы діни және этникалық қақтығыстар ошағына айналған. Қырық пышақ қырық млн ауғанды татуластыру мүмкін емес те болар. Дегенмен оларда тыныштық болғаны дұрыс. Орталық Азия ортақ үйіміз. Ал көршіңнің үйі өртеніп жатса, жалыны шарпып кетуі де ғажап емес. Оның үстіне буфер болып бұрынғыдай Орталық Азия мен Ауғанстан арасында «Солтүстік альянс» (НАТО-мен шатастырмаңыз) күштері де тұрған жоқ, - дейді Асхат Қасенғали.

Төртіншіден, су мәселесі бар. 

«Көш-Тепа» су арнасын салып жатқан тәлібтер әлемдегі бірде-бір су қатынасына қатысты құжатқа қол қоймаған, конвенцияны мойындамаған. Орталық Азияда су күрделі мәселеге айналуда. Алдағы таңда су үшін қиын келіссөздер өтеді. Күрделі келіссөздер. Аман болсақ оған да куә боламыз. Ол келіссөз ішінде тәлібтердің де болары анық. Себебі трансшекаралық өзендер артериясының бір бөлігі солардың аумағымен өтеді. Оның бізге тікелей қатысы болмаса да, Орталық Азияға қатысы бар. Көршілерімізде су азайса, бізде де азаяды. Сол себепті қазірден байланысты күшейту маңызды, - деп түсіндірді сарапшы. 

Оның айтуынша, Талибандардың бақылауында өмір сүретін халыққа гуманитарлық көмек көрсетуге де жол ашады. Бұл өз кезегінде аштық, індет сияқты гуманитарлық дағдарыстардың алдын алуға көмектеседі.

Мысалы соңғы деректер бойынша Ауғанстандағы жер сілкінісі кезінде Қазақстан Ауғанстанға жалпы салмағы 1662 тонна гуманитарлық жүк жіберген. Ауған халқы аш. Олар аш болған сайын босқын болып көршісіне ағылады. Пәкістан, Иран Ауғанстаннан келген босқынға толды. Әр біреуінде 3 млннан босқын отыр. Енді осынша босқынның 10 пайызы, 300 мың адам ғана Орталық Азияға ағылса не болады? Дұрыс, хаос болады. Сондықтан олардың біздің аймаққа босқын болып ағылмағаны абзал. Талибанды тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығару — оны Ауғанстанның заңды үкіметі ретінде мойындау дегенді білдірмейді. Бұл қазіргі геосаяси жағдайда қабылдауды қажет ететін шешімнің бірі ғана. Егер Ауғанстанмен ынтымақтастық еліміз үшін тиімді болса, онда ынтымақтастықты дамыту қажет. Саясатта мұны Realpolitik деп атайды. Егер тәлібтің орнына басқа топ билікті алса, онымен де қатынас орнайды, - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан «Талибанды» тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тастамақ.

Өзгелердің жаңалығы