Ауған қазақтары туралы пікірлер екіге жарылып отыр – Нұрхан Жалиев

26 Тамыз 2021, 16:13
1809
Бөлісу:
Ауған қазақтары туралы пікірлер екіге жарылып отыр – Нұрхан Жалиев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауғанстандағы этникалық қазақтарды елге оралту мәселесіне байланысты «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақпараттық талдау департаментінің директоры Нұрхан Жалиев өз пікірін білдірді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қазақстандықтардың ойы екіге бөлінген. Олардың кейбірі ауған қазақтарының елге қайтуын жақтаса, ал енді бірі мүлдем қарсы.

Ауғанстан қазақтарын көшіруге байланысты ел ішінде екі түрлі ұстаным пайда болып отыр. Бірі жақтаса, бірі қарсы болуда. Жақтаушыларға салсаңыз, ондағы қазақтың бәрін бүгіннен қалдырмай дереу көшіріп әкелу керек. Қарсы тараптың ойынша, Ауғанстандағы қазақтар кезінде туған жерін тастап, тарихи отанын сатып кеткендер. Сондықтан оларды елімізге мүлдем жолатпау керек екен. Әрине, Мемлекет басшысы өзі тапсырма беріп, қолдау көрсетіп отырғанда қиын жағдайда қалған қандастарға қолдау көрсеткен дұрыс, - деді ол.

Жалиевтің сөзінше, әрбір адамның ұлтын анықтау үшін басымдық тілге берілуі тиіс. Елшінің төрағалығымен жұмыс істеп жатқан арнайы комиссия мүшелері бұл тұрғыда аса үлкен жауапкершілікпен қараған жөн.

Олардың Кабулға дейінгі жолдағы қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? Сондықтан, қазіргі таңда Ауғанстандағы Қазақстан Республикасының елшілігінде құрылып, Елшінің төрағалығымен жұмыс істеп жатқан арнайы комиссияның жұмысына сәттілік тілейік. Ол оңай жұмыс емес. Уақытты, мұқияттылықты, жауапкершілікті талап етеді. Ұлтын анықтауда бірінші басымдық қазақ тіліне беріледі. Қазақ тілін біліп тұрған адамға сұрақ аздау болары сөзсіз. Сосын, шығу тегін, яғни руы мен жеті атасын, ата-бабаларының тарихын білу жағын да ескергені орынды, - дейді ол.

Сонымен қатар департамент директоры сырт елдегі қазақтардың көбі қазақстанмен шекаралас орналасқан Ресей, Өзбекстан, Қытай, Монғолия сынды мемлекеттердің тарихи тұрғыда байырғы, яғни ата-бабаларының ертеден мекендеген жерлерінде тұрып жатқан автохтонды тұрғындар болып табылатынын, ал саяси себептермен сипатталатын күштеп немесе мәжбүрлі қоныс аудару нәтижесінде қалыптасқан шетелдегі бауырлар қазақ диаспорасын құрайтынын мәлімдеді.

Ауған қазақтарының 13 мыңдайы тәуелсіз жылдарында елімізге қоныс аударды. Бірақ бес саусақ бірдей емес қой. Жағдайы болмай, әртүрлі себептермен қалып қойғандар жоқ емес. Олар көп емес. Осы орайда ауған қазақтары да тарихи тағдыры ортақ біртұтас қазақ ұлтының ажырамас бөлігі екенін ұмытпағанымыз абзал. Әлемнің қай жерінде болса да, әрбір қазақтың тарихи Отаны бар. Тарихи Отанынан кез келген қандас бауырымыз өзіне пана және қорған таба алады, - деді Нұрхан Жалиев.


Өзгелердің жаңалығы