Аудандарда қауіпті арамшөптің таралуына байланысты карантиндік аумақтар анықталды

21 Маусым 2023, 16:25
1126
Бөлісу:
Аудандарда қауіпті арамшөптің таралуына байланысты карантиндік аумақтар анықталды

Ертіс өңірінің 12 ауданында жатаған укекіренің таралуына байланысты карантиндік аумақтар анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Карантиндік аумақтар 62 ауылдық округі мен 79 шаруашылық нысанының аумағында орналасқан. Арамшөп 62 мың гектарлық жерге тарап кеткен.

АШМ АӨК мемлекеттік инспекциясы аумақтық өкілдігі басшысының орынбасары Арман Шүйкеновтің айтуынша, жаз кезеңінде арамшөптерге қарсы химиялық отау жұмыстары 355 мың гектар жерде өткізу жоспарланған. Бұл жұмыстарға шаруалар атсалысады. Бүгінгі күнге дейін 155 гектарлық алқап өңделді.

Қауіпті арамшөп қаулап өсіп кеткен өзге ошақтар бар. Укекіре 700 гектарға жуық аумақта өседі. Бұл жерді өңдеу керек. Химиялық шараларды жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Осы жылдың алты айы ішінде өсімдіктер карантині инспекторлары мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді, - дейді Арман Шүйкенов.

Мамандардың айтуынша, укекіре астық дақылдары үшін зиянды. Өсімдік тауарлы бидай құрамында анықталса, астықты өзге өңірлерге тасымалдауға шектеу қойылады. Осындай жағдай анықталса, шұғыл түрде тиісті шара қолға алынады. Мамандар арамшөп тараған аумақта карантиндік режим жариялап, химиялық өңдеу жүргізеді. Үш жыл ішінде өсімдік жойылып, кездеспесе, алқапқа бидай егуге рұқсат беріледі.

Айта кетейік, облыста арамсояуға қарсы үш мыңнан астам гектер, қарағайдың қара мұртты қоңызына 30 гектер өңдеу жұмыстары жүргізу жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы