Ішкі істер министрлігі еліміздің бірқатар өңірінде күтілетін қолайсыз ауа райына байланысты тұрғындарды жолда сақ болуға шақырды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Қазгидрометтің мәліметінше, 26 қарашадан бастап кей өңірлерде жаңбыр мен қар жауып, жел күшейеді. Сондай-ақ жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.
Осыған байланысты полиция жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасында қауіпсіз қашықтық сақтауды ескертті.
Құрметті азаматтар! Қазгидромет деректеріне сәйкес, 26 қарашадан бастап еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығы күтіледі.
Атап айтқанда, жаңбыр мен қар жауып, жел соғады. Жолда көктайғақ болуы мүмкін. Қолайсыз ауа райы жолдағы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Көріну қашықтығы төмендеп, көліктің тежеу жолы ұлғаяды. Осыған байланысты жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, көлік құралдары арасында қауіпсіз қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтауды, кез келген маневрді барынша сақтықпен орындауды ескертеміз.
Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жол жағдайын алдын ала тексеріңіздер. Қажет болмаса, қалааралық сапарлардан бас тартқан жөн.
Сонымен қатар, 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін көлік құралдарын қысқы дөңгелектерсіз пайдалануға тыйым салынады.
Жаяу жүргіншілерді де сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдан өтер алдында көліктердің толық тоқтағанына немесе жүргізушінің сізге жол беріп жатқанына көз жеткізіңіз. Өту кезінде ұялы телефонға алаңдамаңыз, құлаққапты шешіп, айналадағы жағдайды бақылаңыз.
Полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмек көрсету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырма берілді, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Архат Төлегенов.
ІІМ өкілінің айтуынша, полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылған.
Жолдағы қауіпсіздік – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Жол жүрісі қағидаларын сақтаңыздар! – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Архат Төлегенов.