Атыраулық ескекші қыз

6 Наурыз 2020, 21:01
2314
Бөлісу:
Атыраулық ескекші қыз

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Спорттың ерекше түрінің бірі – байдарка және каноэ есу. Бұл спорт түрінен олимпиадалық жарыс елімізде алғаш рет Атырау қаласында өткізілген.

Бүгінде су спортының бұл түріне қызығушылар саны артып келеді екен. Олардың қатарында қыздар да бар. Солардың бірі атыраулық жас спортшы, ҚР спорт шеберіне үміткер Сабиля Баялы.

Спортшы бұл спорт түрін әкесімен Жайықтың жағасында келе жатып таңдау жасаған.

Таңда жағалауда әкеммен дене шынықтырып жүргенбіз. Өзенде байдарка ескен спортшылар жүрді. Әкем маған: "Мүмкін осы спорт түрімен айналысарсың" деп әзілмен айтқан болатын. Кейін өзім де "Неге айналыспасқа?" деп ойладым. Осылайша спорт үйірмесіне келдім, өзіме ұнады. Мен алғаш келген кезде жаттықтырушы байдарка мен каноэны көрсетіп,олардың айырмашылығы туралы айтты.Сол кезде ойланып байдаканы таңдадым. Өйткені каноэде бір тізеде тұрып жүргізесіз және салмақ бір жаққа ғана түседі, – дейді Сабиля Баялы.

Жас спортшы алғашқы жарыста жүлделі орын алып, жаттығушыларының сеніміне ие болады.

Сабиля тура бір аптада су үстінде тепе-теңдікті сақтауды үйренді. Қайықта түзу отыра алатын болды. Ал алғашқы жарыс тура бір айдан кейін болды. Үздіксіз жаттығудың арқасында сол жарыста Сабиля бірінші орынды иеленді.Бүгінде ол бірнеше облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері, – дейді байдарка және каноэ есуден аға жаттықтырушы Николай Богачкин.

Сабиля жаңа зеландиялық Лиза Кэрингтонды өзіне үлгі тұтады екен. Оның жеңісті жолын қайталағысы келеді.

Алғашында бұл спортпен айналысатын спортшылар аса қызықтырмайтын. Тіпті ғаламтордан да қарамайтын болдым. Бірде жаттықтырушы өзге де спортшылардың ойынын қарауға кеңес берді. Ол жаңа зеландиялық спортшы Лиза Кэрингтонды атады. Ол да мен сияқты аласа бойлы қыз. Қателеспесем, 2016 жылы болуы керек, ол Риода өткен олимпиадалық ойынға қатысты және жеңімпаз атанды. Міне, осы жарыстан кейін ол менің үлгі тұтар тұлғама айналды. Жуырда Венгрияда өткен әлем біріншілігінде де ол бірінші орынды алды, – дейді ол.

Ескек есу маусымдық спорт түрі. Алайда Жайықта жаттығатын спортшылар қысы-жазы дайындықты тоқтатпайды екен.   

Өзгелердің жаңалығы