Атыраулықтарға сұйытылған газ жетпей жатыр

10 Қараша 2022, 15:09
922
Бөлісу:
Атыраулықтарға сұйытылған газ жетпей жатыр

Мұнайдың үстінде отырған Атырау облысының жұрты сұйытылған газдан тарығуда. Тапшылық соңғы 2-3 күнде қатты байқалған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ  тілшісі.

Отынның жетіспеушілігінен кейбір бекеттерде ұзын-сонар кезек қалыптасса, кейбірінің жұмысы уақытша тоқтап тұр. Газды арнайы талонмен ғана беріп жатқандары да бар. 

Қазір білесіздер ғой енді, жүргізушілердің басым бөлігі газға көшкен. Бензин құю бәріне бірдей тиімді емес. Қанша жерге бардым, газ таппадым. Тұрғындардың жағдайы онсыз да мәз емес. Қымбатшылық қысқанда, бұл мәселені шешу қажет деп ойлаймын. Білмеймін енді қашан реттелетінін, - дейді қала тұрғыны Нұрбек Шайденов. 

Негізі облысты сұйытылған газбен Атырау мұнай өңдеу зауыты қамтуы тиіс. Алайда өндіріс орны жақында күрделі жөндеу өткізгендіктен, жоспарды орындай алмай қалыпты. Сәйкесінше, 5744 тонна сұйытылған газ жөнелтуі қажет кәсіпорында өнім көлемі 35 % кеміген. Қараша айының басынан бері зауыт тәулігіне бас-аяғы 90 тонна автогаз шығарыпты. Нарыққа жіберілетін өнім қазір 60 тоннаға дейін төмендеген. Енді өздері қара алтынның үстінде отырған аймақ билігі сұйытылған отынды Ақтөбеден алмақ. 

Энергетика министрлігімен бірлесіп, Ақтөбе облысындағы «Қазақойл» мекемесінен 700 тонна және «Gas Processing»  мекемесінен 400 тонна газды Атырау облысына әкелу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Бағасы да бір. Бұйрыққа сәйкес 50-55 теңгеден сатылады, - дейді Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы бөлімінің бас маманы Анар Ахметова. 

Тапшылық тудырған дәл осы Атырау мұнай өңдеу зауытын жақында өңірге іс-сапармен келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сынға алған еді. Президент өндіріс орнына жаңғырту жүргізілгенімен, ондағы технология сапасын әлі де жетілдіру қажет дегенді ескерткен еді. 

Экология халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні белгілі. Ірі мұнай-газ компанияларының қызметі өңірдің экологиялық ахуалының нашарлауына әкеп соқтыруда. Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметіне экологтардың көңілі толмайды. Жақында ғана зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, ондағы технологиялық және басқару үдерісінің сапасын әлі де жетілдіре түсу қажет. Мамандар зиянды қалдықтардың шекті нормадан жиі асып кететінін айтады. Бұған жол беруге болмайды, - деген еді Тоқаев. 

Алпауыт кәсіпорын жұмысының кем-кетігі көп болып тұр. Әкімдік проблеманы жақын арада шешіп, апта соңына дейін көрші облыстан сұйытылған газды жеткіземіз деп сендірді. Оған дейін жергілікті көлік тізгіншілері барға қанағат етуге мәжбүр. 

Өзгелердің жаңалығы