Атыраулықтар Үкіметке петиция жолдады

10 Сәуір 2023, 19:42
1204
Бөлісу:
Атыраулықтар Үкіметке петиция жолдады
Фото: автордан

«Экологиялық ахуалдан әбден мезі болдық, лас ауамен тыныстау мүмкін емес» деген Атыраулықтар талаптарын тізіп жазып, Үкіметке петиция жолдады, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Демалыс күні Атыраудағы БАҚ өкілдері мен белсенділер бейбіт митинг ұйымдастырды. Қолдарына плакат ұстап, бетперде таққандар мұнайлы өңірдегі ірі кәсіпорындар мен қамыс өртінен шыққан түтінге әбден тұншыққандарын айтады.

Атыраулықтар Үкіметке петиция жолдады

Қазір жасым 60-та. Осы лас ауадан созылмалы аурулар пайда болды. Демалу мүмкін емес. Бүгін осы митингке келіп өз талабымызды айтып жатырмыз. Биліктегілер, министрлер бұл проблеманы қатаң назарға алу керек.  Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бізді еститін Үкімет болуы керек. Халыққа таза ауа керек. Алланың берген ауасын тазартып берсін бізге, - дейді белсенділердің бірі Кәмшат Әділова.

Жиылғандар ұсынған дерек бойынша, облыста соңғы 5 жылда ауаның ең жоғары ластану деректері тіркелген. Наурыз айының 27-31 аралығында ондай 70 факт анықталыпты. Алпауыт компаниялар, соның ішінде ТШО жылына 60 мың тонна, НКОК 23 мың тонна, АМӨЗ ауаға 10 мың тонна зиянды қалдық шығарады екен. Оның ең қауіптілері күкіртсутегі, меркатан топтары және күкірт агидриді екен.

Атыраулықтар Үкіметке петиция жолдады

Сонымен қатар, даму кемістігімен дүниеге келетін нәрестелер саны 4 есеге артыпты.

Мұнайдың қызығын өзгелері көріп, лас ауаның бәрін жергілікті халық жұтып отыр. Сол себепті ірі зауыттар мен компаниялардан түскен экологиялық айыппұлды ел бюджетіне алмай, облысқа қалдыру керек. Бізді тонағанды тоқтату керек. Кейбіреулер айтқандай бара-бара Атырау жәй ғана вахталық әдіспен қызмет ететін қалаға айналуы мүмкін. Бірақ біз бұған жол бермейміз. Бұл біздің қаламыз. Өз талабымызды қоямыз, - дейді Тәуелсіз эколог Галина Чернова.

Петициядағы басты талаптардың ішінде халықты улап жатқан зауыттарды қала маңынан көшіру, айыппұлдарды облыстық бюджетке қалдыру, компаниялардан тарайтын зиянды қалдықтар санын азайту мен булану алаңдарының көлемін азайту мәселелері жазылған. Қазір 600-ге тарта адам қол қойған құжат, Үкіметке жолданды.

Атыраулықтар Үкіметке петиция жолдады

Бұл облыстағы экологиялық ахуалға байланысты алғашқы бейбіт шеру.Оның қорытындысы бойынша петицияға басты талаптарымызды енгіздік. Алдағы уақытта оның жауапсыз қалмауы үшін жұмыстанатын боламыз, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Нұргүл Хайруллина.

Қара алтынның отанындағы жұрт экология оңалып, халыққа тиімді шешім шықпайынша, бұл проблеманы жылы жауып қоймаймыз деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы