Атыраулықтар «Табиғат» қорын құруды ұсынды

20 Қаңтар 2021, 07:28
2307
Бөлісу:
Атыраулықтар «Табиғат» қорын құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев азаматтарға жеке қабылдау өткізді.  Атырау облысының белсенді тұрғыны Жанат Есмағамбетова жергілікті тұрғындарды өз аулаларында ағаш егуге көптеп тарту қажеттігі туралы ұсыныс білдірді. 

Мен 1-ші топтағы мүгедек болсам да өткен жылы өз ауламда 57 ағаш отырғыздым. Біздің тұрғын үйде 80 пәтер бар. Оларды да қолдауға шақырдым. Ерекше балаларды осы іске араластырып, олар өз есімдері ілінген көшеттер екті. Әлеуметтік роликтер түсірдік. Ағартушылық бағыттағы видеоларды көбірек дайындау қажет. Әйтпесе аулаға егілген ағаштарға жұрт киімдерін жайып тастап, зиян тигізіп жатыр. Осындай шараларды қаланың басқа да тұрғындары өткізгенін қалаймыз. Осы ретте «Табиғат» деп аталатын қор құруды ұсынамыз, - деді қала тұрғыны. 

Министр Мырзағалиев бұл бағыттағы жұмыстарды толығымен қолдайтынын, ағаштарға зиян келтіруге қатысты Заң қатайып жатқанын жеткізді.

Ағашты заңсыз кесуге, көшет отырғызуға қатысты түсіндіру, ағарту жұмыстарын көбейтуіміз керек. Бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Өткен жылдың соңында заңсыз ағаш кесуге қатысты Заңға нормалар енгізіліп, жаза күшейтілді. Оның үстіне Президентіміз қыркүйектегі Жолдауында 5 жыл ішінде орман алқабында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуға тапсырма берген. Әр облыс үшін жеке жоспар әзірледік. Атырауда алдымен Жайық өзені айналасын қамтимыз, - деді Мағзұм Мырзағалиев. 
Жеке қабылдауға жазылған Атырау облысының тұрғыны, дәрігер Гүлнар Талманова клиникалық экология орталығын ашуға ұсыныс берді. Министр елімізде экология мен денсаулықтың арасындағы байланысты терең зерттеу қажеттігін атап өтті. 

Ал Маңғыстау облысының тұрғындары металл қалдықтарға,  Қызылорда облысы тұрғыны Аралбай Құзбақов эмиссиялық төлемдерге қатысты мәселелер көтерді.

Министр әр сұрақ бойынша тиісті басшыларға тапсырма берілетінін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы