Атыраудың 70 дәрігеріне "Халық алғысы" медалі табысталды

8 Қараша 2020, 23:02
1762
Бөлісу:
Атыраудың 70 дәрігеріне "Халық алғысы" медалі табысталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Махамбет  Досмұхамбетовтің атынан дәрігер мамандарды құттықтаған аймақ басшысының орынбасары Бақытгүл Хаменова мемлекеттік наградаларды салтанатты жағдайда табыс етті.

«Халық алғысы» медалімен марапатталғандар арасында қиын-қыстау кезеңде алдыңғы шепте жүріп, қауіпті инфекциядан көз жұмған медицина қызметкерлері де бар.

Уақытпен санаспай,  әр науқастың өмірі үшін күрескен  медицина мамандарының   бірі – Нариман Ақпанов.  Елдегі эпидемиологиялық ахуал ушыққан тұста Нариман Ақпанов вирус жұқтырғандарды рентгенге түсірген. Уақыт өте өзі де коронавирус жұқтырып, қайтыс болған.  «Халық алғысы» медалі марқұмның жұбайы Дариға Мүслімоваға табысталды. 

Земфира Ерболатқызы №2 Атырау облыстық ауруханасының орта буын қызметкері. Небәрі 23 жастағы маман үш ай бойы індет ошағында отбасын көрмей, халық алдындағы  міндетін мінсіз атқарды.

Қауіпті инфекция салдарынан   өкпесі қысылып дем жетпегендерге оттегі аппаратын қосып, мыңдаған азаматтың өмірін арашалады.

Бұл індет тұтас әлем, Қазақстан үшін де үлкен сынақ болды. Сол сынақтар алдында медицина саласы, қарулы күштер, полиция қызметкерлерінің, еріктілердің жасаған күнделікті ерліктеріне ел куә. Дәрігерлеріміз сырқаттарды емдеумен шектеліп қана қоймай, вирустың кең тарамауы жолында еңбек етті - деп атап өтті Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Еске сала кетелік, Атырау облысында 7995 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы